«РИЗАМЫН АҒАЙЫН, АУЫЛЫМА»

66

Осыдан 38 жылдай уақыт бұрын жүрек сезімдері жарасып, отау құрған жастарға арналған «Жас жұбайлар» («Сендерге әрдайым орын бар») атты ән пайда болды. Поезда пайда болған ән аз уақыт ішінде қазақ даласында танымалдана түсіп, миллиондаған қазақ жастарының үйлену тойында айтылатын той жырына айналып үлгерген еді. Себебі аңызға айналған бұл әнді шырқамаған адам кемде кем шығар. Тіптен бұл ән шетелде де орындалып жүр. Бұл әннің авторы бүгінде 63 жасқа келіп отыр.

Сауран ауданының мәдениет үйінде Түркістан, Кентау қалалары мен Сауран ауданының Құрметті азаматы, журналист, ғалым, композитор Бекжігіт Сердәлінің «Ризамын ағайын, ауылыма» атты шығармашылық кеші өтті. Кешті ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Айдар Сейдазым ашып, жүргізіп отырды.

Жиынға Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров, аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байсбаев, Түркістан қаласының Құрметті азаматы, мәдениет қайраткері Ұлжан Мұстафаева, «Turkistan Media Holding» ЖШС-нің басқарушы директоры, журналист Тельман Бейсен және өмірдегі, өнердегі жора жолдастары қатысты. Кеште Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров пен аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байсбаев құттықтау сөз сөйлеп, кеш иесі Бекжігіт Сердәліге сый-сияпат жасап, құрмет көрсетті.

— «Бекжігіт Кенжебекұлы! Сізді Сауран ауданының тумасы, жерлесіміз ретінде ерекше құрметтейміз. Сауран ауданның Құрметті азаматы ретінде ауданға сіңірген ерен еңбегіңізді жоғары бағалаймыз, шығармашылық жолында жасаған еңбектеріңіз орасан зор. Журналистика саласында талмай еңбек етіп, ел игілігі үшін көптеген жылдар бойы қызмет атқарып, шәкірт тәрбиелеп, бүгінде филология ғылымының кандидаты, доцент, профессор, ақын, композитор атандыңыз. Сонымен қатар, қоғамдық жұмыстарда бар күш-жігерін сарқа пайдаланып келе жатқан еңбекқор, жанашыр азамат екеніңізді көрсетіп, халық құрметіне ие болып келесіз. Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыңызға амандық пен береке тілеймін, — деді аудан әкімі Мақсат Асылбекұлы.

Шығармашылық кеште Бекжігіт Кенжебекұлының жора жолдастары өнер иесімен бірге ән шырқап, жиналған көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйласа, аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары концерттік бағдарламасын ұсынды.

Бекжiгiт Кенжебекұлы Сердәлi 1960 жылы 20 қыркүйекте қазіргі Сауран ауданы Үлгілі ауылында туған. Әкесі Кенжебек – ауыл почтальены, анасы Оңласын – үй шаруасында болған.

Алматы қаласындағы КазГУ-де Журналистика факультетін бітірген.

Еңбек жолын Кентау қалалық «Кентауская правда»-»Кентау правдасы» газетінде аудармашы болып бастады. 1987-1996 жылдар аралығында осы газетте әдеби қызметкер, тілші, редактордың орынбасары қызметтерін атқарды. Бірінші шақырылған Кентау қалалық мәслихатының депутаты, І Республикалық патриоттар форумының делегаты. 1996 жылы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-ға қызметке шақырылды. Осында 1996-2005 жылдар аралығында оқу ісі жөніндегі орынбасары, ХҚТУ Түркістан орталығы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарды. 2005 жылдан «Журналистика» кафедрасының, 2007-2015 жылдар аралығында «Орыс филологиясы және журналистика» кафедрасының меңгерушісі болды. 1999 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің К14А.01.19 Диссертациялық кеңесінде кандидаттық диссертациясын қорғады. 2017 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы мемлекеттік қадағалау және аттестаттау комитетінің №940 шешімімен профессор ғылыми атағы берілді. 13 оқу құралының, 20-дан астам оқу-әдістемелік құралдардың, 100-ден астам ғылыми мақалалардың авторы (оның 38-і алыс шетелде жарияланған). «Қазақстан» ұлттық арнасының 50 жылдығына орай өткен ғылыми бәйгенің 2007 жылғы бас жүлдегері, 2010 жылы және 2022 жылы екі мәрте «ЖОО үздік оқытушысы» грантының иегері. «Елім менің» республикалық патриоттық әндер байқауының 3 дүркін лауреаты.

Бекжiгiт Кенжебекұлы Сердәлi Қазақстан композиторлары арасын-да өзiндiк салмағы бар талантты өнер иесi. Оның ұлттық нақышта жа-зылған әндерi бүгiнде республика көлемiнде ғана емес, көршiлес түркi мемлекеттерiнде, атап айтқанда Түркияда, Арменияда, Чувашияда, Қытайда, Моңғолияда, Ресейде, Өзбекстан мен Қырғызстанда кеңiнен танылған. Ол музыка саласы бойынша Васлей Митта атындағы халық-аралық сыйлықтың иегері (Чувашия). Абайдың, М.Мақатаевтың, Т.Молдағалиевтің т.б. ақындардың сөздеріне жазылған «Жас жұбай-лар», «Неге, неге», «Ризамын», «Ауыл жатыр той жасап», «Текемет», «Түркістаным -Тұраным» сияқты елге танымал әндердің авторы. Бұл әндердiң бiрқатары Мәскеу қазақтары қауымдастығының демеу-шiлiгiмен Германияда лазерлi дискiге жазылып, шет мемлекеттерге таралған. Шет елден алған марапаттары: Еуропа ғылыми-өндірістік консорциумының «Primus Inter Pares» ордені (Ресей, 2014); «За заслуги в культуре и искусстве» медалі (Ресей, 2014); «Халықаралық көркемдік кеңес мүшесі» төсбелгісі (2017); «Халықаралық көркемөнерпаздар одағының мүшесі» төсбелгісі (2017); Түркі халықтарының әдебиеті мен өнеріне қосқан үлесі үшін «Алтын медаль» (2018);

Осынау жетiстiктерi және ән әлемiндегi өзiндiк қолтаңбасы ескерiле отырып, Б.Сердәлi 1998 жылы халық шығармашылығын дамытуға қосқан үлесi үшiн – «Қазақстан Жастар одағы сыйлығын» иелендi. 2001 жылы Шымкентте өткен «Әуелетсек әуенiн Отанымның» атты патриоттық әндер байқауында Б.Сердәлi бас жүлденi жеңiп алып, «Ең үздiк композитор» номинациясы бойынша лауреат атанды. Қазақстан Республикасында мәдениет пен өнердi қолдаудың мемлекеттiк қорының «Мәдениет қайраткерi» төсбелгiсiмен наградталды. Оның ел iшiнде жүрген әндерi топтастырылып, Алматыдан жеке ән жинақ болып жарық көрдi.

Б.Сердәлі Қазақстан Композиторлар одағының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Amanat» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің мүшесі. Түркiстан қаласының 2002 жылғы «Жыл адамы», «Түркістан қаласына сіңірген еңбегі үшін», «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерімен, Түркiстан, Кентау қалаларының және Сауран ауданының «Құрметті азаматы». Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың Алғыс хаттарымен (2019, 2021), «Қазақстан мәслихаттарына 20 жыл», «Қазақстан мәслихаттарына 25 жыл», «Қазақстан мәслихаттарына 30 жыл», «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медальдарымен, ҚР БжҒМ-нің «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Ы.Алтынсарин» төсбелгілерімен марапатталған.

Қазір Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ Журналистика кафедрасының профессоры қызметінде. Бекжігіт аға барлық өнерді меңгерген, адамгершілік қасиеті жоғары, жан-жағына шуағын шашып жүретін кісі. Шәкірттеріне өз баласындай жаны ашып, ақылын айтып, көмегін беріп жүреді. Нағыз зиялы лайық мінезі бар қарапайым, менмендігі жоқ жан. «Өз кәсібін жанындай сүйген адам қашанда бәріне үлгереді. Адамда тыным болмау керек. Бір сәт те тоқтап қалуға болмайды. Тоқтағаның – тоқырағаның» – дейді ұстаз. Онысы рас, қазіргі цифрландырылған заманда Бекең соңғы техникаларды, компьютерді жетік меңгерген, үнемі ізденіс үстінде жүреді. Ия, осындай ұстаздан білім, тәлім-тәрбие алып отырған шәкірттері белсенді. Ынтымағы жарасқан Бекеңнің отбасында 3 қыз, бір ұлы бар. Жары мектепте ұстаздық етеді. Педагогтардың отбасы десек те болады. Қазіргі таңда ұлын ұяға, қызын қияға қондырған ата-әже.

Ләззат САРЫБАЕВА.