ЖАЗЫҚСЫЗ ЖАПА ШЕККЕНДЕР

172

Көне тарихқа көз жүгіртсек, оның сарғыш тартқан беттерінен небір оқиғалардың болғанын білеміз. Оның арасында болашақ ұрпақтың ұмытпауы тиіс, ата — баба ерлік істерінен тағзым етуі тиіс айтулы оқиғалар аз емес. Жылжып жылдар өтер, ұрпақтар да алмасар, бірақ сол озбырлы заманның зобалаңы ұмытылмақ емес. Біздің құрметіміз бен марапатымыздың белгісі – олардың ұлт алдындағы еңбектерін бағалау. Ия, әр адамның өзінің мүмкіндіктері мен болашағын болжауы үшін тарихын, ата — бабаларының жүріп өткен жолын білуі шарт деседі.Жалпы, тарихи сана пенденің ғана емес, елдің болашағы үшін маңызды.

Ақын Қадыр Мырза – Әлінің мына бір шумағы ойға орала кетеді: «Маған бүгін керек емес ертегі ,Ертегіні балам өзі шертеді.Тарих керек — іргетасы қазақтың, іргетасысыз қаланбайды ертеңі». Сондықтан да болашақты болжау үшін өткен күніміз бен тарихымызға үңілудің еш артығы жоқ екені сөзсіз . «Өткенді білмей, болашақты болжау қиын», — деп дана халқымыз бекер айтпаса керек. Өткен тарихымызды білмей, халқымыздың қиын-қыстау, аумалы-төкпелі замандарда ел мүддесі үшін жан қиярлықтай еңбек еткен, тау тұлғалы арыстар мен алыптардың өмір жолындағы күрестерін толық зерттемей өркениетті ел қатарына қосылу мүмкін емес шығар. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері жетпіс жылдан астам уақыт бойы жасырып, елдің санасынан өшіруге тырысып келген біраз «Тарих ақтаңдақтары» зерттелуде. ХVІ ғасырдың дүлдүлі Бұқар Қалқаманұлы да өз толғауларында «Атамыз — Алаш, керегеміз – ағаш» деген қазақ халқы ұлттық тәуелсіздік жолындағы күресінде ежелгі Алаш ұғымына қайта оралып, оны бостандық пен бірліктің ұраны етіп алады.

Ал «Алаш азаматы» деп атауы қазақ халқының ауыз бірлігіне, елдің, жердің тұтастығына меңзейді. Аталмыш атауды ту етіп, жүрегіне жалау етіп, өз елінің бостандығы мен тәуелсіздігі үшін қаншама тұғыры биік тұлғалар күресті. Күресіп қана қоймай, сол жолда құрбан болып кетті. Олардың өмірлік ұстанымы — қалай да қазақ елін тығырықтан шығару. «Маса» болып елді оятып, «Ара» болып халықтың ұлттық намысын шағып оятуды аңсады. Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Шәкәрім Құдайбердіұлы сынды зиялы қауым өкілдерінің есімдері «Алаш» сөзімен қоса айтылады. Өйткені бұл тұлғалардың ерен еңбегі, қайраткерлік жолы тарихтың әр беттерінде жазулы.

Иә, өз еліне деген асқан махаббатының «зардабын» олар мұздай абақтыларда тартып, шолақ саясаттың мылтығының нысанына айналып атылып кете барды… Репрессия нәубетінен көптеген Алаш қайраткерлердің жандары қыршынынан қиылды . ХХ ғасырдың басында жазба әдебиетіміздің өкілдеріне Алаш қозғалысы қатты әсер етті. Тіпті кітап, баспасөз саласы дәл осы тұста қарыштап дамып, жазба әдебиеттің дамуына негіз болды.

Алаш қайраткерлерінің бастамасымен ашылған «Айқап» журналы, «Қазақ» газеті сынды баспалар көркем проза, драма, әдеби сын үлгілерін қалыптастырды. Міржақыптың «Оян, қазағы!», Ахаңның «Масасы» әдебиеттегі ұлтшылдық, елшілдік ұрандарды күшейтті. Проза саласында М.Дулатов «Бақытсыз Жамал» атты тұңғыш романды алып келсе, поэзия жанрында сыршылдығымен ерекшеленген М.Жұмабаев «Орал тауы», «Қазақ тілі», «Түркістан», «Сүй, жан сәулем» туындыларын дүниеге келтірді. Дарынды лингвист А.Байтұрсынұлы «Әдебиет энциклопедиясы», «Тіл – құрал» атты ғылыми зерттеулерінде қазақ тіл білімінің тарау-тарау салаларының құрылымын жүйеледі.

Сол кездегі Алаштың көсемдері қазақтың рухани сапасы өте жоғары болғанымен қарапайым халықтың сауаты шамалы еді. Соған қарамастан өз халқының кемшілігін көрсеткісі келмеді, оны сездірмеуге барынша тырысты. Жоғарыда аттары аталған Алаштың арда ұлдары ұлт болмысын жаңғыртуға , өміріне жаңа серпін беруге өздерінің қанын төгіп, жандарын құрбан етті. Бұл — халқымыздың тарихындағы ең ауыр да қайғылы кезең болып есте сақталары сөзсіз. Біз қазір дәл сол алаштықтар аңсаған өркениетті мемлекетте өмір сүріп келеміз. Осы күнге жете алмай зорлық пен зомбылық көріп, көз жұмған боздақтардың рухына бас иіп, тағзым етеміз!

Күлшім БАБАМҰРАТОВА,

Шекербұлақ ауылдық кітапханашысы.