САУРАНДЫҚТАР ЖЫЛДЫ ТОЛАЙЫМ ТАБЫСТАРМЕН ҚОРЫТЫНДЫЛАМАҚ

125

Барлық шаруашылық жүргізуші кәсіпорындар мен мекемелер жыл ішіндегі тоғыз ай ішіндегі атқарылған жұмыстарға баға бере отырып, нәтижесін шығарады. Соған орай жыл қорытындысының жобасы да дайын болады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазақстанның экономикалық дамуының жаңа парадигмасы еліміздің бәсекелік артықшылықтарын тиімді пайдалануға және өндіріс саласындағы еңбек, капитал, ресурстар, технология сияқты негізгі факторлардың әлеуетін барынша ашуға негізделеді.

Жаңа экономикалық саясатта жүзеге асуы екіталай, ұзақ мерзімді мақсат қоюға болмайды.

Осы Жолдауда айтылатын міндеттің бәрі үш жылдың ішінде орындалуға тиіс. Ал аса күрделі міндеттерді жүзеге асыру үшін нақты мерзім бекітіледі.

Енді экономиканың құрылымына қатысты реформаның негізгі тұстарына тоқталайын. Қазіргі ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету. Сондықтан өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беруіміз қажет. Біз ел тағдыры үшін айрықша мәні бар бірқатар жобаны жүзеге асыруымыз керек. Экономиканы әртараптандыру бұрынғыдан да маңызды міндетке айналуда»,-деп ерекше тоқталған болатын.

Мемлекет басшысының Жолдаудағы берген нақты тапсырмаларына орай саурандық еңбеккерлер табыстың тай қазанын тасыта түсуде. Мәселен, өңірдің экономикалық дамуын анықтайтын басты өнеркәсіп саласында 2023 жылдың 9 айында 7 млрд 544,6 млн. теңгенiң өнімі өндіріліп, 2022 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 107,1% құраса, өнеркәсіптің басымды саласы өңдеу өнеркәсібінде 5 млрд 067,8 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 107,8 пайызға жеткен.