“Қашанғы көршілердің көңіліне қараймыз”: Депутат трансшекаралық өзендер мәселесін көтерді

176

Қазақстан көрші елдермен трансшекаралық өзендерді пайдалану тәртібі бойынша келісімдер жасасқан. 

“Қашанғы көршілердің көңіліне қараймыз”: Депутат трансшекаралық өзендер мәселесін көтерді

Фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев трансшекаралық өзен-сулардың мәселесін көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Депутаттың дерегінше, Жамбыл облысы ағынды суды негізінен трансшекаралық өзендерден алады.

“Оның 82 пайызы көршілес Қырғыз Республикасынан келеді. Осы жылдың шілде-тамыз айларында Қырғызстаннан берілетін шектеулер 3,5 млн текше метр судың таусылуына байланысты су беру тоқтатылды. Осыған байланысты шілде-тамыз айларында Жамбыл облысының 6 ауданында ағын су тапшылығы болып, 400 агрошаруашылық зардап шеккен. Шығын көлемі 3 млрд 600 млн теңге. Бүгінде Жамбыл, Түркістан облыстарында суармалы жерлер 300-500 мың гектарға дейін жетеді. (…) Жамбыл облысын басқарған тұста шаруаларды судан тарықтырып алдыңыз. Су саласының министрі болып жүрген кезде мақташыларға су жеткізе алмадыңыз, күнгейде шаруалар шырылдап жүргенінде күз де өтіп кетті. Осы орайда біздің елімізде берілетін трансшекаралық суларының көлемін арттыру мәселесі қарастырыла ма? Қашанғы “Кісідегінің кілті аспанда” деп айтпақшы көршілердің көңіліне қараймыз? Кіріптарлықтай айырылатын жолдар бар ма?”, — деп сұрады мәжілісмен.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов трансшекаралық өзендерді пайдалану мәселесі тиісті келісімдерде қарастырылғанын жеткізді.

“Биыл Жамбыл облысында су тапшылығына байланысты өзіңіз айтқандай шаруа қожалықтары зардап шекті. Бұл жалпы Жамбыл облысындағы Талас пен Шу өзендері бойынша сулылығына байланысты болды. Себебі Қырғызстанда су мөлшері сондай деңгейде болды. Трансшекаралық өзендер бойынша келісімді қалай жүргіземіз дегенге келсек, Қырғызстанмен 1992 жылғы трансшекаралық өзендерді қалай пайдаланамыз деген келісімшартымыз бар. Соған байланысты Талас өзені 50/50 мөлшерінде, Шу өзені бойынша 42/58 пайыз бөлінген. Сондықтан әр жылдың өзінің сулылығына байланысты судың көлемі солай бөлінеді. Мысалы, біздің тарапымыздан оны көтеру мәселесін қарастырып жатқан жоқпыз. Себебі нақты өзінің пайыздық мөлшері бар”, — деп жауап берді министр.

Ведомство басшысының айтуынша, Орталық Азиядағы бес мемлекеттің арасында да тиісті келісім жасалған.