“ТҮРКІСТАНДЫҚ ЭТНОС ЖАСТАР ЖАМБЫЛША ЖЫРЛАДЫ…”

1146

Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың өлеңдерін жатқа айтқан Түркістан облысының этнос жастарының Отансүйгіштік сезімі көңіл марқайтты. Игі шараны ұйымдастыруға ұйтқы болған Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің бастамасымен жыр алыбы Жамбылдың 175 жылдығына орай ақынның өлеңдерін жатқа айту бойынша этнос жастар арасында онлайн байқауы тағылымы мол болды.
Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» ғылыми-ағартушылық жобасын іске асыру, этнос өкілдері арасында қазақтың ауыз әдебиеті мен ұлттық өнерін насихаттау, отансүйгіштік қасиетін бойларына сіңіру мақсатында ұйымдастырылған байқауға өңіріміздің аудан, қалаларынан барлығы 23 жас қатысты-дейді Түркістан облысы Қоғамдық келісім” КММ басшысы Эльмира Жанғазиева.
Байқау нәтижесі бойынша бас жүлдені Сарыағаш қаласының тумасы Ташметова Навруза Мирзаюсуфқызы иеленді. І орынды Мақтаарал ауданынан Аман Гүлжамал Ихтиярқызы иеленсе, ІІ орынды Түлкібас ауданынан Таймуратова Оқида Бобомуродқызы, Мақтаарал ауданынан Ергешова Динара Зуробовна, ІІІ орынды Мақтаарал ауданынан Зокирова Ширина Икромжанқызы, Рахматуллаева Дилбар Бахрамжанқызы, Жетісай ауданынан Сафина Алия Димитриевналар иеленді.
Жүлделі орын иелеріне қаржылай сыйлықтар табысталып, барлық қатысушылар Алғыс хаттармен марапатталды. Түркістандық этнос жастардың Жамбылша жырлауы жанға шуақ сыйлады.
ARA-ақпарат