ОТЫРАРДА 5 ЕЛДІ МЕКЕН ТАБИҒИ ГАЗҒА ҚОСЫЛДЫ

356

Түркістан облысында 832 елді мекеннің 465-і табиғи газбен қамтылды. Биыл өңірде 107 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның ішінде 62 нысанның құрылысы осы жылы аяқталады. Нәтижесінде, 50 елді мекен табиғи газбен қамтамасыз етіледі. Ал қалған 45 нысанды 2024 жылы аяқтау жоспарлануда. Бүгін осы орайда, Отырар ауданында 5 елді мекен табиғи газға қосылды. Атап айтсақ, М.Шойманов, Көкмардан, Шытты, Сарыкөл, Сырдария елді мекені тұрғындарының қуанышын еселеген тарихи сәтке аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов, аудандық мәслихат төрағасы Уалихан Ұзақов арнайы барып қатысып, көпшіліктің қуанышымен ортақтасып қайтты.

Бұған дейін Қарғалы, Арыс ауылының тұрғындарына көгілдір отын пайдалануға берілген болатын. Бүгінде ел игілігіне арналған жұмыстар жалғасын тауып, халықтың қуанышы еселенуде.

Шарада ауыл ақсақалдары көгілдір отынды тұтатып, ел игілігі жолында қызмет етіп жатқан ел ағаларына алғыстарын айтып, ауыл тұрғындары рахатын көре берсін деген тілегін жеткізді.

Жалпы ауданда 2023 жылы 9 елді мекенге табиғи газ беру көзделген. Аталған жұмыстар толық іске асқан жағдайда жалпы 16223 халық қосымша көгілдір отынға қосылып, аудан халқының 72 %-ы табиғи газға қосылуға қол жеткізеді.

Сондай-ақ Сырдария өзенінің батыс бөлігінде орналасқан 12 елді мекенге (Аққұм, Жанкел, Көксарай, Ызакөл, Шеңгелді, Қостерек, Бестам, Маяқұм, Үштам, Көлқұдық, Балтакөл, Ақкөл) газ жеткізу мақсатында 13 жобаға жобалық-сметалық құжат әзірленуде. Аталған жобалар іске асырылған жағдайда 15302 ауыл тұрғыны табиғи газбен қамтылып, ауданның табиғи газбен қамтылу көрсеткіші 99%-ды құрайды деп күтіліп отыр.