ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ САУРАНДА
Бүгін Сауран ауданына арнайы іс-сапармен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Ерлан Әбдиев аудандағы бірнеше әлеуметтік нысандарды аралады.
Алдымен Оранғай ауылдық округіндегі жаңадан салынып жатқан 200 орындық оңалту орталығының құрылыс жұмысымен танысты. Бұдан соң Иассы ауылдық округі, Еңбекші дихан елді мекеніндегі былтыр жаңадан пайдалануға берілген «TORONTO» зияткерлік мектебіне арнайы барып, оқу орынның жұмыс барысымен де танысты.
Еңбекші дихан ауылында ашылған мектеп 260 орынға арналған. Былтырғы білім күнінде 83 оқушы мектеп табалдырығын аттады. 16 сынып бөлмесі бар, 10 адам жұмыспен қамтылған. Мектеп 5 күн, 1 ауысыммен, таңертеңгі 8-ден кешкі 5-ке дейін жұмыс жасайды. Таңертең сабақ өтеді, түсте тынығу сағаты, түстен кейін қосымша сабақтар, әртүрлі шаралар ұйымдастырылады. Жоғары санатты ұстаздар сабақ береді. Халық қалаулысы Ерлан Тұрсынбайұлы мектеп оқушыларына оқуда озат болып, еліміздің тұтқасын ұстайтын азаматтар болуына тілек білдірді.
Сапар барысында Сауран ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Баймахан Сүлейменов, «AMANAT» партиясының Сауран аудандық филиалының төрағасы Сағынбек Асылбеков, Оранғай және Иассы ауылдық округтерінің әкімдері болды.
Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі