ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА МАҚТАНЫ ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯМЕН ӨСІРУ ЖӘНЕ ӨҢДЕУ БОЙЫНША ИНВЕСТОРМЕН КЕЛІССӨЗ ЖҮРГІЗІЛДІ

55

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды «Peng Sheng (Group) Co., Ltd» компаниясының өкілдерін қабылдады. Кездесуде мақта өсіру және терең өңдеу, тоқыма фабрикасын салу мәселелері талқыланды.

– Біз мақтаны өсіру ғана емес, оны терең өңдеу бағытына басымдық беріп отырмыз. Мақта тұқымы мен сапасын жақсарту, жаңа технологияларды енгізу, мақтаны терең өңдеу, тоқыма фабрикасын салу жұмыстарын атқарғанда ғана мақта шаруашылығындағы мәселелер шешіледі. Сондықтан біз сіздермен әріптестік орнатуға дайынбыз. Жол картасын әзірлеп, екі тараптың міндеттемелерін енгізейік. Инфрақұрылым және басқа түйткілдер бойынша бізден қолдау болады, – деді Дархан Сатыбалды.

«Peng Sheng (Group) Co., Ltd» компаниясының өкілі Сонг Шицзие 10 мың гектар мақта алқабына тамшылатып суғару технологиясын енгізуге дайын екенін жеткізді. Сонымен бірге мақтаны терең өңдеу, мақта майын шығару құрылғыларын әкелу бойынша да жоспарын баяндады. Инвестор мақтаның ең сапалы тұқымдарын егіп, мақта зауытын салуды жоспарлап отыр.

Облыс әкімі жауапты басқарма басшысы мен осы жобаларды жүзеге асыру көзделіп отырған Шардара ауданының әкіміне инвесторға сүймелдеу жұмысын жүргізуді тапсырды.

Айта кетейік, 2023 жылы ҚХР-ға облыс делегациясының іссапары барысында «Peng Sheng(Group) Co., Ltd» компаниясымен инвестициялық жобаларды іске асыру туралы келісімге қол жеткізілген болатын. Атап айтқанда Түркістан облысында ірі қара мал терісін өңдеу, заманауи технологияларды пайдалана отырып мақта егу, полиэтилен пакеттер, пластик құбырлар өндіру, ауыл шаруашылығы техникасын және мақта класын құрастыру бойынша зауыттар салу көзделген. Солардың бірқатары жүзеге асады деп жоспарланып отыр.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі