СОЗАҚТА «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АКЦИЯСЫ АЯСЫНДА КЕЗЕКТІ ТАЗАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

135

«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында Созақ ауданы бойынша барлық ауылдар мен елді-мекендерде жалпыхалықтық сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды. Сенбілікке барлық мекеме қызметкерлері, белсенді жастар мен ауыл тұрғындары жұмыла кірісті.

Көркейту-көгалдандыру жұмыстарын өз бақылауына алған аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков аудан орталығында бөлінген секторлар мен көше бойында орналасқан кәсіпкерлік нысандарды аралап, қосыша атқарылу керек жұмыстарды пысықтады.

Шолаққорған ауылының аумағында бөлінген 5 сектордың, яғни ондағы 144 көшеге жауапты етіп бекітілген мекеме басшылары мен сала орынбасарларына жұмысты ширатуды тапсырды. Сондай-ақ ендігі кезекте тазалыққа қатысты жүктелген тапсырмаларға салғырттық танытқан басшылардың мәселесі қаралатынын қатаң ескертті.

Акцияға көпшілікпен бірге атсалысуға арнайы келген облыстық мәслихат депутаты Бегімбет Байғараев тазалық жұмыстары барысымен танысып, шараға қолдау білдірді.

Айта кетейік, сенбілікте мекеме қызметкерлері мен тұрғындар аялдамаларды қалпына келтіру, күл-қоқыс шығару, тазалау сынды жұмыстарды жүргізді. Сондай-ақ тұрғын үйлердің ауласындағы қоршауларды ретке келтіріп, қасбеттері мен көше бойындағы электр бағаналарын сырлап, су өткелдері мен арық бойларын тазалады.

Бұған қоса, Түркістан бағытына шығар жолдың бойындағы “Жасыл белдеу” аумағын арнайы шарбақтармен қоршап, тал көшеттері суарылды. Бүгінгі таңда аумағы артқан “Жасыл белдеудің” көлемі 5 шақырымды құрап, қоршауына 7500 метр-ден астам шарбақ тартылды. Қоршау жұмыстары әлі де жалғасуда.

Жалпы сенбілікке 1450 адам мен 18 арнайы техника жұмылдырылды. 35 шақырым көше бойлары мен 22 шақырым аяқжолдар ретке келтірілді. Өзен-көлдер мен арықтардың 32 шақырымы тазаланып, полигондарға сенбілік барысында 85 тонна қоқыс тасымалданды. Жоғарыда аталған жұмыстар легі алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, жүйелі түрде жүргізіліп отырады.