ШЫМКЕНТТЕ БІЛІМ САЛАСЫНЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

53
Бүгінде білім берудің сапасын арттыру мемлекеттік саясаттың басым бағытына айналғаны белгілі. Бұл саладағы өзекті мәселелер қоғамда жиі көтеріліп келеді. Осыған орай, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек бірқатар салалық басқармалардың басшыларымен бірге баспасөз брифингін өткізді.
Брифинг барысында білім мен мәдениет саласындағы бірқатар мәселелер талқыланды. С.Құранбек қаладағы білім берудің сапасына бірнеше факторлар әсер ететінін алға тартты. Оның айтуынша, ең алдымен, мұғалімдердің кәсіби біліктілігі мен дайындығына ерекше көңіл бөлу қажет.
—Шымкент қаласындағы 160 мектептің 74-і мақсатты мектептер санатына жатады. 52 мектеп аттестациядан өте алмай қалды. Бұл — жылдар бойы қордаланған проблемалардың салдары. Білім берудің сапасын көтеру үшін, ең алдымен, мұғалімнің білімі мен біліктілігін арттыру керек. Егер ұстаз мықты болса, оқушы да сапалы білім алады. Мектепте тәртіп пен білім сапасының болуы, әрине, басшыға тікелей байланысты. Бізге құр статистикалық көрсеткіштер емес, нақты нәтиже керек, – деді Сәрсен Абайұлы.
Білім мәселесімен қатар, мәдениет саласындағы реформалар да назардан тыс қалмады. Сәрсен Құранбек қаладағы бес музейді біріктіріп, музейлер бірлестігі құрылғанын атап өтті. Оның пікірінше, бұл өзгеріс музейлер жұмысын жүйелеуге, олардың ғылыми-зерттеу бағытындағы қызметін күшейтуге ықпал етеді.
Осыған орай, Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Бауыржан Орынтаев мәдени нысандардың жұмысын жандандыру бағытындағы жұмыстарды баяндады.
Жиын барысында барлық жауапты тұлғалар көтерілген мәселелер бойынша шешу жолдарын қарастырып, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Олар білім мен мәдениет саласындағы түйткілдерді шешу мақсатында тиісті шаралар қолға алынып, жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.