ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ОҚУШЫЛАРЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ РОБОТТАР ФЕСТИВАЛІНДЕ ЖЕҢІМПАЗ АТАНДЫ

93

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы мен «USTEM Robotics» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен 8-9 қаңтар күндері аралығында С.Демирел университеті базасында Роботтар фестивалі өтті.

Республикалық байқауда еліміздің әр өңірінен келген 80 команда арасынан Түркістан облысы, Төлеби ауданының мамандандырылған мектеп интернатының «Tolebi» командасы «FIRST LEGO LEAGUE CHALLENGE» сайысында бас жүлдені жеңіп алды. Енді жеңімпаздар ақпан айында Астана қаласында өтетін «CENTRAL ASIA FIRST CHAMPIONSHIP – 2024» жарысында өз білімдерін көрсетеді. Оқушылардың жетекшілері – Сәкен Далмырзаев пен Айжан Кенжеева.

Бұдан бөлек, Қазығұрт ауданындағы «Дарын» мектеп-интернатының оқушыларынан құралған «Creator», «Rob» және «iTwins» командалары арнайы номинацияларға ие болды.

Іс-шара оқушылар арасында ғылыми-зерттеу, бағдарлама жасау және инженерия саласындағы кәсіби дағдыларды дамытуға бағытталған.

Айта кетейік, республикалық байқауда 10-16 жас аралығындағы оқушылар «FLL Challenge» және 12-18 жас аралығындағы оқушылар «FTC» санаттары бойынша бақтарын сынады. Роботтар фестиваліне робототехникамен айналысатын 400-ден астам оқушы, 80 команда қатысты.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі