ЗАЙЫРЛЫЛЫҚ ЖӘНЕ ТҰЛҒА

72

Зайырлылық — қазiргi Қазақстан өмiрiндегi жаңа ұғым. Зайырлылық — бұл:

1) кез келген дiнге қатысты мемлекеттiң бейтараптығы;

2) мемлекеттiң кез келген дiннен тәуелсiздiгi, сондай-ақ дiннiң мемлекеттен тәуелсiздiгi;

3) ар-ождан және дiни сенiм бостандығы;

4) бiлiмнiң кез келген дiннен азаттығы.

Зайырлылық адамдарға түрлi дiндерге сенушiлiгi, пiкiр мен сенiмдерiнiң айырмашылығына қарамастан тату-тәттi өмiр сүруiне мүмкiндiк бередi. Сондықтан да қоғамның зайырлы болуы игiлiк пен қажеттiлiктен туындайды. Зайырлы мемлекеттiң негiзгi белгiсi — баршаға бiрдей дiндi мiндеттемеу болып табылады.

Қазақстанның зайырлы мемлекет екендiгi Ата заңымыз — Конституцияда бекiтiлген. Бұл бiздiң мемлекетiмiзде дiни ұйымдар мемлекеттiң қызметiне араласпайды, сондай-ақ олардың өзiндiк қызмет саласына мемлекет те қол сұқпайды деген сөз.

Зайырлы мемлекет барлық наным-сенімдерге, идеологияларға бейтарап қарайды. Зайырлылық мемлекет пен діннің бір-бірінен бөлінуі, мемлекеттің әлеуметтік, саяси және құқықтық негізгі жүйесінің діни ережелерге сүйенбеуін білдіреді. Осы анықтамаларға қарап, зайырлылықтың мемлекет болмысына қатысты қағида, ұстаным екендігін көруге болады. Байқасақ дінді мемлекеттен бөлетін, діни негізге сүйенбейтін, діндерге бейтарап қарайтын жеке тұлға емес, мемлекет екен. Ал жеке тұлға барлық діндерге тарапсыз қарай ала ма?

Расында осы мәселеде идеологиялық ғылыми негізі жоқ анықтамаларға негізделген түсіндірмелермен шектелу дұрыс болмайды. Бұл – мемлекетіміздің тарихи болмысын, құндылықтары мен дүниетанымын ескермегендік болады. Сондықтан анықтамалармен қоса, сол ұстанымның сатылары мен ерекшеліктеріне салыстырмалы талдау жасау керек. Себебі батыста дін қызметкерлеріне клерикал, ал қарапайым адамдарға зайырлы деп қарайды. Яғни зайырлы адам деген сөз дін адамы яки діни қызметкер емес дегенді білдіреді. Ал мұсылмандарда бұл түсінік бөлек. Исламда діни қызметкер, діни адам деген нақты бір қатып қалған ұғым жоқ десе де болады. Кез келген мұсылман діни білімі жетіп тұрса діни қызметті атқара алады. Мысалы жамағатқа имам болып намаз оқыту, жаназа шығару сынды.

Зайырлылық ұстанымында мемлекет өз азаматтарының сенімдеріне, араласпай, бөле жармай, қандай да бір діни сенімнің келесі бір дінге қысым жасамауын, үстемдік етпеуін, қысым көрсетпеуін реттейтін функциясы бар. Мемлекеттің діни қысымды болдырмауының өзі оның демократиялық және зайырлы елдің басты қызметі. Мұны заңымыздағы «ар ождан бостандығы», «діни сенім еркіндігі» ретінде түсінеміз. Қазірдің өзінде қоғамда «сен мен сияқты сенуің керек, мынауы ширк, мынауың бидғат, нәтижеде сен кәпірсің» деген психологиялық, діни, танымдық қысымдар көрініс беруде. Осы құбылысты реттейтін де зайырлылық ұстанымының кепілі болып отырған мемлекеттік институт болуы керек. Ал мемлекеттің де демократиялық, либералистік, зайырлылық сипаты ешқандай сеніммен, діни қағидамен, дінмен қайшы келмейді. Сондықтан да тұлғаның әрі демократ, зайырлы әрі діндар болуында ешқандай қайшылық жоқ. Олай болса, «мен зайырлы емеспін, тек мемлекет қана зайырлы» деп жүрген азаматтарымыздың пікірі, мұсылмандар демократ, зайырлы бола алмайды, мұсылмандар шариғатқа негізделген мемлекетті қалайды деген саяси идеологиялық қабаттарынан хабар береді деген сөз. Жоғарыда да айттық, зайырлылық сенімге дінге, идеологияларға қатысы жоқ ұстаным. Сондықтан Қазақстан зайырлы ел, құрушысы қазақ мәдениеті, ол мәдениетте ислам басты анықтаушы дін.

Біздегі кейбір адамдар зайырлылықты кешегі коммунистік кезеңдегі атеизммен шатастырады. Ол режимде барлық нәрсе, ғылым да, өнер де, әдебиет те атеизмге қызмет етті. Сондықтан кешегі коммунизм атеистік мемлекет болды деп айта аламыз. Кейбір зерттеушілер оны зайырлы, соның ішінде секуляризм, яғни шектен шыққан зайырлы жүйе болған дейді. Бұл қате түсінік. Себебі зайырлылықта әр адамның Құдайды тану тәжрибесі рухани психологиялық процесс ретінде нақты шаблондарға сүйенеді. Кеңестік кезеңде мұндай мүмкіндіктер болмады.

Мемлекеттің діни қысымды болдырмауының өзі оның демократиялық және зайырлы ұстанымының басты қызметі. Ал кеңестік жүйеде мұндай қызметтер болмаған. Бұған заңымыздағы «ар ождан бостандығы», «діни сенім еркіндігі» дәлел болады. Ал қазіргі мемлекеттің демократиялық, либералистік және зайырлылық сипаты ешқандай сеніммен, діни қағидамен қайшы келмейді.

Қорыта айтқанда зайырлылық дін емес, мемлекеттің ұстанымы. Ол дінге тыйым салмайды. Зайырлы қоғамда өмір сүре отырып діндар болуға, діни қызмет атқаруға мүмкіндік бар.

Б.АБДРАХМАН,

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»

КММ – нің теолог маманы.