Дүниенің жаны жомарт алыбы

421

(Қажымұқан өмірінен жаңа деректер)

Ежелгі элладалықтардың Геркулеске көк күмбезін, өзіміздің Толағайға тау көтертуіміз әлжуазға қорған болар алыптарды аңсаудың нәтижесі. Осы тәріздес әңгімелер әдеби бастау – көздеріміздің кейіпкерлеріне айналып, бірте-бірте тұлғаланып, топырағымызда Алпамыс, Қобыланды, тағы басқа батырларымыздың қаһармандық, адами іс-әрекеттері көркемдік деңгейіне дейін көтеріліп, ұлтымыздың рухтық көрінісін бейнеледі. Халық солардың көмегіне зәруленді. Мұның мәні айрықша зор еді. Өйткені, эпостық дастандарымыз оқиғалар желісін жетілдіруімен, образ қалыптастыруымен ғана шектелмей, жаратылған кезеңінің жақсы-жаман жағын бейнелей суреттейтін тарихи шындығымен де ерекшеленеді. Бұлардың астарында ауызбірлігі күшті, азат ел атанудың арманы елес берді. Халық қиын-қыстауларда осы идеямен қуаттанып, ешкімнің алдында тізе бүкпеуді, қабырғасы қайырылып қалмауды көкседі. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын жаңа өмірдің жайсаңдығын қалың жұртқа жеткізу үшін әңгімешілеріміз бен жыршыларымыз әсіре баяндауларға әдейі барып, көркем суреттеудің алуан түрлі әдіс-тәсілдерін қолданды. Өзін Қара Қыпшақ Қобыланды батырдың он екінші ұрпағы санаған Қажымұқан Мұңайтпасұлының өмірбаяндық деректері де жоғарыдағыдай қилы-қилы үлгілерден, таңғаларлық сипаттаулардан ада дей алмаймыз. Бұған «ақылға диқан дана» (Нұралы Нысанбайұлы) балуанның өзі де себепкер. Тыңдармандарды тамсандыра ұйыту мақсатымен «керекке терек жығылғанын» қалап, Қажекең әңгімені қыздырмалата, құбылта шебер айтатын болған. Айдалада қасқырлармен арпалысын бір отырыста шындық деп, екінші ретте жоққа шығаруы сөзіміздің дәлелі. Әңгімесінің арқауына ізгіліктің ізін жыртқыштыққа, қорқаулыққа бастырмауды өзек еткенін көбіміз жете зерделемей, оқиғаны үстірт, жадағай, жалаң қалпында қабылдап жүрміз.

Балуанға қатысты басқа да әсірелеулерді бос қаңқуға санамай, ғылыми тұрғыда талдап, тарихи жағдайлармен салыстыра, салғастыра зерттеп, лайықты бағалау төл міндетіміз. Өйткені, Қажымұқан – ХХ ғасырдағы ұлттық мәдени тарихымыздың, түйсінуіміздің, әлемді тануымыздың, өзімізді танытуымыздың, барыс-келісіміздің көрінісі, наламен өшкен, қайсарлықпен өскен арманға толы кезеңдеріміздегі мәуелі мақтанышымыз. Ол кісі жөніндегі шындыққа бергісіз аңыздар халқымыздың тұрмыс-тіршілігінен сығымдалған этнографиялық материалдарға негіздеуімен жанымызға жұғымды.

 

Рауан БЕГАЛИЕВА, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің ғылыми жұмыстар және инновациялар жөніндегі проректоры.