«Төлем» жүйесі бойынша қоғамда толық түсіністік орнығып келеді

653

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша басқарма басшыларының есептерін қабылдауда. Бүгін қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Е.Жолдасовтың есебі тыңдалды.

Басқарма басшысы қаладағы қоғамдық көлік жүйесін реттеу бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы уақытта жоспарланған шаруалар барысы жөнінде шаһар басшысына есеп берді.

Қала маршруттарына қамтылған автобустарга газ құю бекеттерінің жұмысын ұйымдастыру бойынша нақты шешім қабылдау қажеттілігін ескертті. Автобустардағы «Төлем» жүйесі бойынша қоғамда толық түсіністік орныққандығын атап өтіп, тәжірибе ретінде автобустардың үш маршрутына кондукторсыз қызмет режимінің енгізілуін қолдайтынын жеткізді.

Айта кету керек, биыл «Төлем» жүйесі бойынша 250 мың транзакция атқарылады деп болжамдалған. Жолаушылардан түсетін жолақының басым бөлігі қаланың қоғамдық көлік қатынасын жүйелендіруге бағытталады. Автобустармен жүретін қала тұрғындары жолаушылар карточкасымен 75 теңге төлесе, автобус қызметін тұрақты пайдаланбайтындар, оның ішінде қалаға келетін туристер қалаішілік автобустар қызметіне нақты қаржыға, жалпыға бірдей белгіленген тарифтен жоғары баға төлейді.