ТУҒАН ЖЕР — ТҰҒЫРЫҢ, ТУҒАН ЕЛ— ҚЫДЫРЫҢ!

195

26-қазан 2023 жылы «Кентау қаласының Сауран ауданындағы мәдени күні» іс-шарасына орай, Жүйнек ауылының орталық кітапханасында ауыл тұрғындарымен «Киелі жерлер — бірлік пен жаңғыру нышаны» атты дөңгелек үстел өтті.

2017-2021 ж.ж. аралығында «ҚАСИЕТТІ ҚАЗАҚСТАН» жобасына сәйкес, республикалық ғылыми-зерттеу орталығы Қазақстан республикасы Ұлттық мұражайының «Киелі Қазақстан» орталығымен бірлесе отырып,

«Қазақстанның жалпыұлттық киелі 100 нысандарының тізімін» бекітті. Тізім 6 бөліктен тұрады:

1.Ерекше қорғалатын табиғи мұра ескерткіштері —9;

  1. Археологиялық және архитектуралық ескерткіштер —12;
  2. Ірі ортағасырлық қалалық орталықтар және қазақ хандығының астаналары—10;
  3. Қазақстанның киелі орындары—16;
  4. Діни және ғибадат орындары—33;
  5. Киелі орындар— 20.

Тізімге енген киелі орынның бірі— Үкаша ата мазары. Ол Қаратаудың күнгейінде, Өгізтау шатқалы маңындағы қыратта, Түркістаннан 42 км жерде орналасқан. Кесененің батыс жағында 200 метр жерде құдығы бар.

Үкаша—аңыз адам емес, Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.у.) сенімді серігі, сахабасы, қолбасшысы болған тарихи тұлға. Үкаша туралы жазба дерек жоқтың қасы, алайда, хадистерде ол туралы айтылған, кейбір деректерде ол түркі тайпаларының бірінен шыққан делінеді.

Кеңестік дәуірде халықтың тарихи санасындағы Ғакаша сахаба есімі қазақ әліпбиі кириллицаға көшкенде ұмытылып, Үкаша ата, Үкаша әулие есімімен сақталып отыр. Әли сахаба жорықтарда Пайғамбардың (с.ғ.у.) алдында жүрсе, Ғакаша сахаба оның арқа тұсында жүретін оққағары болған.

Мұхаммед (с.ғ.у.) өмірден өтерде: «Кімде — кім Үкашаның жүзіне қараса, сол адамға тозақ оты харам болады!», — деген сөз қалған.

» Қасиетті Қазақстан» жобасының мақсаты — ішкі рухани туризмді дамыту. Яғни, ішкі рухани туризм ел көріп, жер көрумен ғана шектелмейді, ол — өзінің тәлімдік, тәрбиелік мәнімен құнды.

Қарт Қаратаудың қойнауы қасиетті, киелі орындарға бай өлке!

Ардақты ағайын!

Балаларымыздың, немерелеріміздің туған жерге деген сүйіспеншілігін ояту, оларға туған өлке тарихын, табиғатын таныту үлкен буын, біздердің, мұнаралы мұратымыз! Киелі, қасиетті жерлерге оларды апарайық, оларға айтайық, көрсетейік! Ұрпағымыздың ішкі рухани туризмін дамытайық!

Осы дөңгелек үстелді ұйымдастырған Кентау, Жүйнек орталық кітапхана басшылары мен кітапханашыларына айтар алғысымыз зор!

Бибі Дәрібаева,

Кентау қаласының құрметті азаматы.