ЖАУЫ ЖОҚ ЖУРНАЛИСТ
Қазақстанда газет оқитын, тіпті оқымайтын адамдар да Қуандық Оразбекұлының есімін жақсы біледі. Ол туралы өзім танитын әріптестерім «жауы жоқ журналист» дейді.
Себебі мінезі жайлы, білімі терең, адамгершілігі мол, етек-жеңі кең…
Тоқсаныншы жылдардың басында Қуандықпен бірге «Оңтүстік Қазақстанда» қызмет істеп жүрген кезіміз. Газеттің жауапты хатшысымын, әрі редакцияның бастауыш партия ұйымын басқарамын. Бір күні бас редакторымыз Әмірсейіт Әлиев «Ұжымның барлық мүшелеріне хабарла, бүгін партия жиналысын өткізейік. Аға тілші Қуандық Оразбекұлын партия мүшелігіне кандидаттыққа қабылдауымыз керек» деді. Шынымды айтайын, өз басым мына ұсынысқа қуанып кеттім. Бірақ ол кезде ұжым күрделілеу болатын, арамызда «қисық сөйлейтіндер» жетеді.
– Әбеке, асығыстау емес пе? Ұжымды шамалы дайындап алмаймыз ба? – деймін қипақтап.
– Әй, Слам-ай, деді бас редактор, – Біз басқаны емес, партия мүшелігіне кандидаттыққа Қуандықты қабылдайын деп отырған жоқпыз ба? Оған ешкім қарсы бола қоймас.
Сонымен, сол күні кешке бүкіл ұжым мәжіліс залына жиналдық. Аудандық партия комитетінен өкіл шақырылды. Жиналысты ашып, күн тәртібін хабарладым.
– Ал, құрметті әріптестер, аға тілшіміз Қуандық Оразбекұлы туралы өз пікірлеріңізді айтыңыздар, – дедім.
Содан талқылау басталды. Бірінен кейін екіншісісі суырылып шығып пікірлерін білдіріп жатыр. Бәрі мақтайды. Өзім қауіптенген «қисықтарымыздың» өзі шын ниеттерімен жылы сөздер айтты. Аң-таңмын. Құрдасымның мықты журналист екенін, оның жұмысқа келгенде бүгінгі тірлікті ертеңге қалдырмайтынын бұрыннан білетінмін. Бірақ сын мақаланы жиі жазады. Проблемалық мақалары жиі жарияланады. Сондықтан бәсекелестерінің өзі мақтай жөнеледі деп ойламаппын.
Не керек, ұзақ жылдар бойы облыстық газеттің партия ұйымын басқарып жүріп, партия мүшелігіне қабылдайтын адамға бірде-бір адамның ең болмаса ескерту ретінде сын айтпағанын, тек қана мақтағанын бірінші және ең соңғы рет көрдім. Содан кейін мен де іштей құрдасым туралы «жауы жоқ журналист» деп ойлай бастадым.
Кейде маған мынадай ой келеді. Қуандықтың қаламы өткір. Тілі мірдің оғындай. Сын мақалалары нысанаға дөп тиіп жатады. Талай басшы лауазымындағы шенеуніктерді шыңғыртып сынағанда қызметімен қоштасып кетті. Тіпті Қалекеңнің өткір сынынан кейін қызметін тастап өздері «қашып» кеткен жағдайларын да білеміз.
«Жас Алашта» тілші болып жүрген кезі. Бір күні газетте өткір сын мақала жарияланды. Оқып отырып қорқып кеттім. Қазақстанда сол кезге дейін облыстың мұндай дәрежедегі үлкен басшысын осыншалықты өткір сынағанын оқып көрмеппін. «Мына Қуандық енді құритын болған шығар. Енді жұмыс істетпейтін болды» деген ой келді. Сол мақаладан кейін Қуандықпен сөйлесіп тұрғанымызды көрсе біреу-міреу ана кісіге жеткізіп қояды» деп, қорқатын болдық. Мен ғана емес, бәріміз сөйттік. Кешкісін ғана телефон соғып, «Жағдайың қалай, құрдас?» деп, сұрап қоямыз. «Жақсы» дейді ол. Құрдасымның үстінен Президенттің аппаратына, БАҚ-тың жұмысын бақылап отыратын министрге, Бас редакторына шағым жазылғанын естіп жаттық. Тіпті құқық қорғау органдары журналист досымды түгін қалдырмай тексеріп жатқаны да дүңкілдеп жетіп жатты. Ал Қуандығымыз түк болмағандай мақаласын жазып, аман-есен жүре берді. Өзі облыстағы үлкен бастықты ара-кідік сынап қояды. Сөйтіп жүріп, ана кісі жұмыс істейтін кеңсеге күнде барады.
Бір күні көргенімде оңашада «Қорықпаңдар, Құдай сақтасын, ешнәрсе болмайды, мен ешкімнен ешнәрсе сұрап жүрген жоқпын. Сынасам жұмысын сынадым. Бізді ел журналист деп біледі» деді.
Облыстағы дәу бастық әдепкіде тулады. Бірақ республикалық газеттің қарапайым тілшісі әжептеуір «жуасытып» тастады. Журналист десе зәре-құты қалмайтындай дәрежеге жеткізді. Алдына өтініш айтып кірген әріптестерміздің барлығының өтініштері орындалып жатты. Пәтер сұрағандары пәтер, өзгелері де бірдеңелер алып жатты. Бірақ Қалекеңнің өзі ешнәрсе сұраған жоқ. Бір ғана ықғайсыздау жағдай болды. Ана кісіге өтінішпен кірген әріптестеріміздің біразы Қуандықты жамандайды екен. Біреу мұны құрдасымның өзіне айтып қойыпты. Сонда ол. «Мейлі-дә, мені өтірік жамандап, шынымен пәтер алып жатса айыбы жоқ?» депті.
Бір күні сыналып жүрген басшы үлкен кісіден сұранбай алысқа дем алуға кетіп қалыпты. Қалада сол жылдары газ, жарық, жылу жоқ.. «Жағдай осындай болып жатқанда ана кісіні таппай қалдық?» деп, Қуандық газетке жазып жіберіпті. Сөйтіп, қызметінен кетірді. «Не сен, не мен» деп жүрген басшыны Қуандық осылай жеңді. Журналистердің мерейі биіктеп, абройы асқақтап қалды.
Осындай оқиғалар әлденеше рет қайталанды.
Журналистердің өз араларында да бәсекелестік өте күшті. Бір күні марқұм Жұмамұрат Тұяқбаев ағамыз той жасады. Журналистер сол жерде жиналып қалдық. Қуандық та бар. Әріптестердің өзара әңгімесінен байқалды. Барлық журналистердің отырған пәтерлерінің заңдылығын прокуратура тексеріп жатыр екен. Тіпті біразынан кінәрат тауып, пәтерден шығаруға сотқа талап арыз түсе бастапты. Сол жерде «Онда бәріміз бір мезгілде өз газеттерімізге жазайық» деп келістік. Қорғану керек деп шешілді. Бірақ келісімді орындаған тек қана Қуандық болды. Басқалары «бұғып» қалды. Бірақ Қуандық Оразбекұлының сериялық мақаларынан кейін жоғарыдан «Журналистерге тыныштық беріңдер!» «Тимеңдер!» деген тапсырма келді. Сөйтіп, бәленің бетін жалғыз өзі қайтарды. Іштей «жүрек жұтқан екен» дейтін болдық.
Калекеңнің үнемі өзгелерге айтып отыратын ұстанымдары бар. «Өзің танымайтын, айдалада кетіп бара жатқан адамға тиіспеңдер!» дейді әріптестеріне. Егер өзіңе «шабуыл» жасаса аямаңдар дейді. «Бірақ біреудің қыр соңынан қалмай сынай бермеңдер!» деп кеңес береді. «Қасқырды ініне дейін қумаңдар. Інінен ары қарай қашатын жері қалмаған соң ол қарсы шабуға мәжүбір болады. Мерт етуі мүмкін» дейді.
Әріптесім ретінде Қуандыққа бірнеше рет риза болған жағдайым бар. Бір күні ойламаған жерден ол республикалық «Жас Алаш» газетіне тілші болып ауысты. «Оңтүстік Қазақстанның» стилі бөлек, «Жас Алаштікі» басқа. «Қалай болады екен?» деп ойладық. Сонда ол өзінің жазу стилін табан астында өзгертіп, мақаланы бұрқыратты дейсіз. Риза болып жүрдік.
Сөйтіп «Жас Алашта» 51 жасқа келгенше тілші болып, кейіннен өзінің «Оңтүстігіне» қайтадан оралды.
Содан бір күні біз күтпеген әңгімені бастады.
– Жігіттер, мен мынадай қорытындыға келдім. Алматы қаласына кетемін. Ғылыми орта ғой. Сол жақтан кандидаттық диссертациямды жазып біткен соң ораламын… – дейді.
Сөйтсек, «Оңтүстікте» бөлім басқарып жүріп, біраз ізденіп, материал жинақтап қойған екен.
Қуандық құрдасым ақкөңіл, ақжарқын. Бірақ қадалған жерінен қан алмай қоймайды. Табанды. Алдына қойған мақсатына жетпей тоқтамайды. Күндіз-түні тынбай жұмыс істеуі мүмкін. Бірақ қайтпайды.
Не керек, 2009 жылы педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми атағы үшін диссертациясын сәтті қорғап шықты. Мұнымен де тоқтаған жоқ. 2010 жылы педагогика бойынша доцент ғылыми дәрежесін алды.
Бірақ журналистиканың қайнаған ортасынан кеткен жоқ. 2008-жылдан бері ғылым мен журналистиканы қатар алып келеді.
Кандидаттық диссертациясын аяқтау үшін Алматыға барған ол республикалық беделді газеттерде қызмет істеді. «Заң газетінде» сот бөлімінің редакторы болды. Кейін «Дала мен Қалада» аға тілші, арнаулы тілші қызметтерін атқарды. Шымкенттен іздеп барғандар «Қалекең мықты екен. Оны Алматыдағы республикалық басылымдар жатырқамай, бұрыннан өз орталарында жүрген адамдай қабылдапты. Сыйлап, төрге шығарып қойыпты» деп, риза болып жүрді.
Қуандық Оразбекұлы ешқашан екі сөйлемейді. Кандидаттық диссертациясын қорғардың сәл ғана алдында Шымкентке беделді республикалық басылым «Айқын» газетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша тілшісі болып оралды. Сол қызметін зейнетке шыққанша атқарды. Алматыда жүрген жылдарында өзі қызмет істеген «Дала мен Қала» газетінің меншікті тілшілігін қосып алып жүрді.
Ғалымдығы бір төбе. Шымкенттегі белгілі де беделді жоғары оқу орындарында студенттері сыйлайтын, ұжымы мойындайтын доцент ретінде танылды. Мұнысына журналист әріптестері қызыға қарайды.
Қалекең еңбекқорлығының, адамгершілігінің, білімділігінің арқасында үлкен абырой-беделге бөленіп жүрген азамат. Ол Қазақстанның құрметті журналисі. ҚР білім беру ісінің үздігі. ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері. Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері. ҚР Конституциясына 10 жыл, ҚР тәуелсіздігіне 20 жыл медальдарымен марапатталған. Сондай-ақ мемлекеттік «Ерен Еңбегі үшін», «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалі жарқырайды.
Ең бастысы, ол үлгілі отбасының иесі. Екі ұлы мен, екі қызы жоғары білімді мамандар. Үлкен ұлының есімі Дәулет. Дәрігер.Қазр Астанада. Министрлікке қарасты Ұлттық компанияда аға дәргер арапшы боып қызмет атқарап жүр. Ал Кенже ұлы Еркебұлан фармацевтика ғылымының докторы. Қазір ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық экспертиза орталығында жауапты қызметте. Қалғандары Астана мен Алматы қалаларында жауапты қызметтерде. Құдай берген оннан астам немересі бар. Үйіне бәрі жиналған күні онсыз да қабағы ашық Қалекең жас балаша қуанып жүреді.
Кеше өзім мақтаныш тұтатын құрдасым Қуандық Оразбекұлын тағы да кездестірдім.Асығыс екен. «ҚР Білім және Ғылым министрлігінің Бақылау комитетіне шұғыл кіріп шығуым керек. Астанаға кетіп бара жатырмын» деді күлімсіреп.
– Шәкірттері қара ормандай қаламдасым, қаламы жүйрік әріптесім! Шығар белесің биіктей берсін! Сен сияқты әрі беделді, әрі «жауы жоқ журналист» болу кез-келген әріптестеріміздің қолынан келе бермейтінін мен ғана емес, бәріміз мойындаймыз, – дедім мен шын пейіліммен риза болып.
Слам НҰРМАҒАНБЕТҰЛЫ,
Қазақстанның құрметті журналисі.