АУДАН ОРТАЛЫҒЫНДА АНГИОГРАФ АППАРАТЫМЕН ОТА ЖАСАЛДЫ

122

Өткен жылы аудандық Орталық аурухананың техникалық базасы шетелдік озық үлгідегі медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген болатын.

Жуырда аурухана ғимаратына Италия мемлекетінде өндірілген «Euroampli Alien Cardio» жылжымалы ангиографиялық жүйесі жабдығы орнатылып, алғаш рет диагностикалық мақсатта жүрек-қан тамырындағы ақауды толық анықтайтын коронарография әдісімен ота жасалды.

Сондай-ақ, Ұлыбританиядан жене облыстан келген білікті мамандардың қатысуымен жергілікті дәрігерлерге шеберлік сыныбы аясында кардиологиялық 2 ота, неврологиялық, хирургиялық 4 ота жасалған.

Әрбір ота небәрі жарты сағатқа ғана созылып, ангиографиялық жүйе науқасқа сәулелік жүктемені орта есеппен 75 пайызға төмендетіп, визуализациялаудың жоғары сапасын қамтамасыз етті.

«Нәтижесінде аталған әдіс шолу аумағын үлкейтіп, суреттің ажыратымдылығын жақсартады. Бұл ерекшеліктер өз кезегінде интервенциялық радиология мамандардың зерттеулер мен емдік шараларды сапалы орындауына мүмкіндік жасайды. Аппараттың қан тамыры ауруларының диагностикасы саласында мүмкіндіктері өте үлкен. Бұл – емдеу кезеңіндегі зерттеулер арқылы оталық ем қажеттілігін анықтаудың өте маңызды сатысы. Бұл аппараттың тиімділігі сол, сырқаттың себебін дәл анықтау мүмкіндігі орасан. Ерекшелігі, ота тамырдың ішінде жабық түрде жасалады. Мәселен, қан кеткен және жүрмей қалған тұсты тез анықтап, тамырды бітеуге, модельдеуге, қалпына келтіруге, тар тамырды кеңейтуге мүмкіндік береді. Науқас ояу жатып, мониторға қарайды. Науқаспен сөйлесе отырып, нәтижесін байқап отырады. Ал, ашық ота кезінде сырқатқа наркоз беріледі. Ота кемінде 3-4 сағатқа дейін созылады», дейді сала мамандары.