ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ 11 СПОРТШЫСЫ ПАРИЖ ОЛИМПИАДАСЫНЫҢ ЖОЛДАМАСЫ ҮШІН БАҚ СЫНАЙДЫ

28

Түркістан өңірінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы тапсырмаларға сәйкес, бұқаралық спортты дамыту мен халықтың денсаулығын жақсарту мәселесіне ерекше көңіл бөлініп, ауқымды жобалар іске асырылып келеді. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен спортты дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде.

Бүгінде рухани шаһарда бірқатар заманауи спорт кешендері бой көтерді. Нақтырақ айтсақ, «Түркістан Арена» стадионы, «Олимпик центр», «Мұз сарайы», «Теннис орталығы» салынды. Одан бөлек, әлемдік талаптарға сай ескек есу каналы мен Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешендерінің құрлысы жүріп жатыр.

Облыста 77 спорт мекемесі спорттың 62 түрі бойынша шәкірттер дайындауда. Әлем чемпионаттары мен кубоктарында өңір спортшылары 74 алтын, 36 күміс және 20 қола медальға қол жеткізді. Азия чемпионаттары мен кубоктарында 111 алтын, 69 күміс және 36 қола медальға ие болды. Ал ел чемпионаттарында 420 алтын, 299 күміс, 308 қола медальді еншіледі. Облыста 16 халықаралық дәрежедегі спорт шебері дайындалса, 38 спортшы Қазақстан Республикасының спорт шебері атанды.

2023 жылдың басты додасы – Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен Азия ойындарында еліміздің құрамасы сапында түркістандық 27 сайыпқыран спорттың 13 түрінен жарыс жолына шықты. Нәтижесінде, спортшылар 2 күміс, 2 қола медальға қол жеткізді. Атап айтсақ, байдарка мен каноэда есуден Ольга Шмелева мен Ульяна Кисилева күміс медальді иеленсе, боксшы Сағындық Тоғамбай мен каратэші Әсел Қанай қола медальді облыс қоржынына салды.

Ханчжоуда өткен Пара Азия ойындарында спорттың 3 түрінен 5 спортшы ел намысын қорғады. Түркістандық спортшылар еншісінде 3 күміс және 1 қола медаль бар. Параканоэші Бибарыс Спатай мен Жалғас Тайкенов күміс медаль иегерлері атанса, Жаңыл Балтабаева қола жүлдені місе тұтты. Бибарыс Спатай қос күміске қол жеткізіп, Паралимпиада ойындарына лицензия жеңіп алды.

Қол күрестен әлемді мойындатқан Түркістан облысының тумасы Қыдырғали Оңғарбаев, Параканоэші Бибарыс Спатай, жеңіл атлет Мұқан Айтмырзаев ҚР Президенті Жарлығымен мемлекеттік наградамен марапатталды.

Астана қаласында Қазақстан Республикасының Ұлттық спорт түрлерінен VI фестивалінде облыс спортшылары жалпыкомандалық есепте І орынды иеленді. Бұқаралық спорты дамыту бойынша мемлекеттік қызметшілер арасындағы республикалық спартакиадада Түркістан облысының командасына тең келер команда табылмады.

Биыл өтетін Париж Олимпиадасының іріктеу додаларына облыстан 11 спортшы үміткерлер қатарына еніп отыр. Паралимпиада ойындарына 5 спортшы қатысады деп күтілуде.