АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҚ КЕҢЕСІНДЕ АҒЫН СУ МӘСЕЛЕСІ ҚАРАЛДЫ

191

Сауран ауданы әкімі аппаратының мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Серік Садибаевтың төрағалығымен ауыл шаруашылығы саласындағы ағын су және өзекті мәселелер қаралды. Кеңеске аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байсбаев, ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сәкен Оразбаев, «Тұран су» мен «Қазсушар» мекемесінің өкілдері, ауылдық округ әкімдері, ауыл шаруашылық саласының ардагерлері, шаруа қожалықтарының төрағалары мен тиісті сала басшылары қатысты.

Кеңестің күн тәртібіндегі мәселе бойынша «Тұран су» ШЖК МКК су пайдалану бөлімінің басшысы Дархан Әбдішүкір баяндама жасады. Бүгінде Түркістан магистральдық каналынан ағын су ағымдағы жылдың наурыз айының бірінші 10 күндігінен бастап босатылып, 6-шы мамырға дейін беріледі. Ал, 6 мамыр мен 12 маусым аралығында (37 күн) егістік алқаптарға су босатылуы тоқтатылып отыр. Бұдан кейін «Бөген су» қоймасынан ағын су бітуіне байланысты 1 тамызда тағы да тоқтатылып жатқаны белгілі.

Бүгінде аудан көлемінде диқандардың көтеріп отырған басты мәселесі ағын су екені баршаға аян. Осы тұрғыда шаруашалар «Тұран су» мекемесінің өкіліне ағын суға байланысты көптеген көкейлеріндегі жүрген сұрақтарын қойды. Міне, диқандар көктемгі дала жұмыстарына кіріскелі жатыр. Алайда, бүгінгі күнге дейін егістікке қажетті суды ала алмай отырғандарын жеткізді.

Кеңесте шаруалар тарапынан су үнемдеу технологиясына көшу, су мен электр энергиясын субцидиялау, каналдардың мәселесін шешу, «Тұран су» мекемесінде ағын судың бағасы қымбаттап жатқанын, суды дұрыс бөлу тағы басқа көптеген сауалдар талқыға түсті. Сонымен қатар, аудандық мәслихат депутаттары да күн тәртібіндегі мәселе бойынша өз ой-пікірлерін ортаға салды.

Мәжілісті қорытындылыған аудан әкімінің орынбасары Серік Садибаев күн тәртібіндегі қаралған мәселелер бойынша көтерілген мәселелер хаттамаға түсіріліп, тиісті орындарға ұсыныс берілетінін және орындалуы тұрақты бақылауда болатынын жеткізді.