ШЫМКЕНТТЕ ШАХМАТТАН ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНАТЫ БАСТАЛДЫ

62

Шымкент қаласында шахматтан балалар арасындағы Ел біріншілігі басталды. Ашылу салтанатына Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов, Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов пен Шымкент қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Маратбек Мықтыбеков қатысты.

Ресми ашылу барысында Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Жұмабекұлы арнайы сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Бұл чемпионаттың Шымкент қаласында өткізілуі – біз үшін үлкен мәртебе. Мұндай бастамалар өскелең ұрпақты тәрбиелеу, оларды отансүйгіштікке және салауатты өмір салты құндылықтарына баулуға оң әсерін тигізеді. Бүгінде елімізде шахмат спорты қарыштап дамып келеді. Мемлекет басшысы шахматтың дамуына үлкен қолдау көрсетіп отыр,

– деді Қ. Асылов.

Сондай-ақ қала әкімінің бірінші орынбасары: «Шымкент қаласынан бірнеше халықаралық гроссмейстер шыққан. Гүлмира Дәулетова, Гүлісхан Нақбаева, Жансая Әбдімәлік және жас Әлем чемпиондары Әбілмансұр Әбілқайыр, Мұқтар Айнақұлды атап өтсем болады. Бүгінгі бұл жас шахматшыларымыздың ішінен де еліміздің намысын қорғайтын халықаралық гроссмейстерлер шығатынына кәміл сенемін! – деп, жылы лебізін жеткізді.

Дүбірлі додада шахматтың классикалық, жылдам және шапшаң түрінен 6, 8, 10 және 12 жасқа дейінгі 600-ден астам спортшы бақ сынайды. Сайыс 10 күнге жалғасады.

Айта кетейік, ҚР чемпионатында жеңімпаз шахматшы Әлем біріншілігі, 2-орын иесі Азия біріншілігі, ал 3-орын алған жүлдегер Батыс елдерінің халықаралық турниріне қатысуға мүмкіндік алады.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі