“ПАВЛОДАРДА ОТАНЫН СҮЙГЕН САРБАЗДАР КӨП…”

141


Бүгін 5512 және 6679 әскери бөлімдерінде Павлодар облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар Кеңесінің кезекті іс-шарасы болып өтті. Бүгінгі шара Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына арналды.
Өңірлік Ассамблея жанындағы Аналар кеңесі облыс бойынша көптеген іс-шараларға ұйытқы болып, әлеуметтік маңызы бар түрлі жобалардың басы-қасында жүреді. Әсіресе жастардың бойында адамгершілік—рухани қасиеттерді қалыптастырып, нашақорлық пен есірткіге қарсы күрес жолында акциялар мен тәрбие сағаттарын өткізу, қайырымдылық іс-шараларды ұйымдастыруда өте белсенді. Соның бірі – «Аналар кеңесі мен «НҰР-АНА әлемі» ҚБ төрағасы, Ел анасы Б. Максилованың басшылығымен Павлодар қаласындағы 5512 және 6679 әскери бөлімдерімен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Тоқсан сайын әскери бөлімшелерге барып, сарбаздарымыздың жағдайын біліп, асханаларын аралап, тағамдарын байқайды. Ақ жаулықты аналарын сағынып жүрген сарбаздарға үйдің сары бауырсағы мен құрт, қоспаларын апарып риза етеді, ақыл-кеңестерін айтады. Бір сөзбен айтқанда, қамқорлық жасайды.
Бүгінгі іс-шараның мақсаты да әскери борышын өтеп жүрген сарбаздардың бойында патриоттық сезім мен Отанға деген сүйіспеншіліктерін арттыру. Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Аурика Дяк және Облыстық Аналар кеңесінің төрағасының орынбасары, Павлодар облысы фин-угор этномәдени орталығының төрағасы Ольга Николашина сөз сөйледі. Құрылғанына 9 жыл болған фин-угор этномәдени бірлестігінің шығармашылық ұжымы тамаша концерттік бағдарламасын ұсынды. Шараны Облыстық Аналар кеңесінің мүшесі, Павлодар облысы этномәдени орталығының төрағасы Светлана Шин қорытындылап, өз ой-пікірін білдірді. Соңында сарбаздармен бірге естелік суретке түсті. Павлодарда Отанын сүйген сарбаздар көп. Қазақстан халқы Ассамблея мүшелері сарбаздарға Отаншылдық рух беріп, тағылымды ой айтты.

Гүлжанат Иманғазы
Журналист