“ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ КЕРУЕНІ” АКЦИЯСЫ БАСТАЛДЫ…”
Мейірімділік, ризалық, қайырымдылықтың қайнар көзін қайдан іздейсіз?.. Әрине, мейірімді жүректен. Қазақ елінде жүрегі мейірімге толы, жомарт жандар өте көп. Бүгін 1-наурыз Алғыс айту күніне орай ҚХА төрағасының орынбасары-хатшылық меңгерушісі Марат Әзілханов Республика аясында “Қайырымдылық керуені” акциясы басталғанын жария етті. Елмен бірге еңбектеніп, жұртпен бірге жұмылып жүрген Түркістан облысы ҚХА этно мәдени бірлестік өкілдері қайсыбір кезде болсын қайырымдылықтың басы-қасынан табылып жүргені анық. Арыстағы жарылыс, Мақтаралдағы су тасқыны кезінде Қазақстанның әр түпкірінен Ассамблея мүшелері ағылып көмек көрсетті. Түркістан облысы ҚХА Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Созақбай Әбдіқұлов баршаны Алғыс айту күнімен құттықтап, ізгілік пен қайырымдылық шаралардан Түркістан өңірінің халқы шет қалмайтынын айтты.
Созақбай Әбдіқұлов былай деді:
-Бұл ретте Түркістан облысы ҚХА жанындағы құрылымдар мен этномәдени бірлестіктер мүшелері өңіріміздегі түрлі қайырымдылық акцияларына, тұрмысы төмен отбасылар балаларын мектепке дайындау шараларына, Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен іске асып жатқан қайырымдылық акцияларына белсенді түрде атсалысуда.
Түркістан облысында қайырымдылық мақсатындағы шаралардың саны артып, қоғамдық мәнге ие болып келеді.
2023 жылдың басынан бері облыстық Ассамблея жанындағы құрылымдар мен этномәдени бірлестіктері мүшелері 870 мұқтаж отбасыға 156 млн теңге, «Мектепке жол» акциясы аясында 882 балаға 25 млн тенге көлемінде қайырымдылық көмек көрсетті.
Түркістан облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің «Үлес» қайырымдылық қоры мұқтаж отбасыларға 2010 жылдан бері 40 үй салып берді-деді Созақбай Әбдіқұлов. Астанада өткен ҚХА телекөпір жиынына Түркістан облысы ҚХА барлық құрылымдары мен этномәдени бірлестік өкілдері түгел қатысып, ортақ іске жұмыла жұмыс істейтінін айтты. Ел бірлігі жолында еңбектеніп, татулықты ту етіп жүрген ҚХА өкілдерінің баршасына Түркістан облысы Қоғамдық Даму Басқармасы басшысы Ерлан Кузембаев Алғыс айтып, әрдайым береке-бірлікте жұмыс атқаруға шақырды. Барымызды бағалап, бірлігімізді көрсетіп жүрген қазақ еліне мың алғыс! Ортақ шаңырағымыз Қазақстаннан шаттық кетпесін! Алғыс айтып, алғыс арқалағаннан абзал іс жоқ! Түркістан өңірі- татулықтың тұтқасы, ынымақ-бірліктің өнегелі өлкесі ретінде жасай бермек.
Ерсұлтан Әмірбек
Түркістан облысы ҚХА жанындағы Шаңырақ журналистер клубы төрағасы