«АЛҒЫС АЙТУ» КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

162
Мезгілдің көріктісі көктем келісімен мерекелер бастау алады. Көктемгі жылы леп, көтеріңкі көңіл-күй, ерекше қуаныш сыйлайды. 1 наурыздан бастап елімізде «Алғыс айту» күні мерекесі кеңінен аталып өтіледі. Оның негізгі мақсаты елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуы, бейбітшілік пен келісім саясатының салтанаты болып табылады.
Осы тұста аудан әкімдігінің ұйымдастырумен 1 наурыз «Алғыс айту» күні мерекесі қарсаңында «Алғыс айту — парызым» атты мерекелік шарасы өткізілді. Салтанатты жиынға аудан әкімі Мақсат Таңғатаров қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
— «Бұл күн ел бірлігін бекемдеумен қатар, тұғырлы татулығымыз бен ырысты ынтымағымызды жаңа белеске жетелейді. Кең пейілді қазақ халқы қашан да әрбір игі іске ризашылығын білдіріп, алғыс айтып, баға беріп отырған. Бірліктің, елдіктің үлгісін көрсетіп, жанашырлық танытып, ел үшін аянбай еңбек еткен барша азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін. Бейбіт өмірдің берекесі, халқымыздың ынтымақ-бірлігі арта берсін!», — деді.
Меркелік жиында аудандық мәслихаттың төрағасы Сержан Байсбаев пен өзбек этно мәдени бірлестігінің төрағасы Құрбанбай Рысбеков жиналған көпшілікті мерекемен құттықтады.
Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров аудандық мәдениет саласының қызметкерлеріне жаңа автобус тарту етті. Автокөлік 18 адамға арналған. Сонымен қатар, жиында этнос аралық татулықты нығайтуға үлес қосқан азаматтар марапатталды.