САУРАНДА «ЖІБЕК ЖОЛЫНЫҢ ЖАУҺАРЫ» АТТЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АҚЫНДАР АЙТЫСЫ ӨТТІ

131

Сауран ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен ауданның құрылғанына 3 жыл, Қазақстан Республикасы мәслихатының құрылғанына 30 жыл, ұлт қайраткері Нұртас Оңдасыновтың туғанына 120 жылдық мерекесіне орай, «Жібек жолының жауһары» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Ақындар айтысының тізгінін ақын Тұрар Тілеулиев ашып, жүргізіп отырды.

Сауран — тарих пен мәдениеттің өркен жайған мекені. Ежелгі мекен қайта түлеп, өз алдына аудан болып құрылғанына 3 жыл уақыт болды. Бүгінде ел еңсесін тіктеп, аудан көркеюдің даңғыл жолына түсті. Заман талабына сай өзгерсе де Сауран тарихи келбетін жолғалтқан емес. Үш жыл көлемінде ауданның атын дәріптейтін республика көлемінде түрлі мәдени шаралар ұйымдастырылып келеді.

Солардың бірі бүгінгі республикалық ақындар айтысы. Айтыс өткізудегі мақсат Сауран ауданының тарихы мен мәдениетін айтыскер ақындар арқылы жастар арасында насихаттап, онда мекен еткен кемеңгер тұлғаларды таныстыру арқылы төл өнерімізді дәріптеуге арналды. Аламан айтыстың шымылдығын аудан әкімі Мақсат Таңғатаров ашса, облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов еліміздің әр өңірінен келген ақындарға сәттілік тілеп, батасын берді.

Аламан доданың қазылар алқасына айтыскер ақын, «Құрмет» орденінің иегері Маржан Есжанова төрағалық етті. Ақындар Сауранның құрылғанына 3 жылдығын, ұлт қайраткері Нұртас Оңдасыновтың қазақ халқына жасаған ерен еңбектерін жырға арқау етті.

Ақын Маржан Есжанова бастаған қазылар алқасының шешімімен барлық ақындар өз дәрежесінде марапатталды. Ұлттық құндылықтар ұлықталып, қоғамның түйіткілді мәселесі қаузалған жыр доданың бас жүлдесі (1 млн теңге) жерлесіміз, ақын Еркелбұлан Қайназаровқа бұйырды.

Бірінші орынды (800 мың теңге) Түркістандық ақын Бекарыс Шойбеков қанжығасына байлады. Екінші орын (600 мың теңге) Қарағандылық ақын Мақсат Ақановқа бұйырса, үшінші орынды (500 мың теңге) Қызылордалық Нұрзат Қару мен Алматы облысынан келген Айым Асылбекқызы (500 мың теңге) ие болды.

Әбікерім Манапов атындағы арнайы жүлдемен (400 мың теңге) Расул Ахмет, Әселхан Қалыбекова атындағы арнайы жүлдемен (400 мың теңге) Астаналық Нұрдәулет Өмірбек, Тәушен Абуова атындағы аранйы жүлдемен (400 мың теңге) Түркістан облысынан Қалижан Білдәш, Сауран ауданы әкімінің арнайы жүлдесімен (400 мың теңге) Нұрғали Әнәпия Шымкент қаласынан, Нұртас Оңдасынов атындағы арнайы жүлдемен (400 мың теңге) Шұғайып Сезімхан Алматы қаласынан иеленді.

Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі