ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ АТЫНАН ПӘТЕР КІЛТТЕРІН ТАБЫСТАДЫ

65

Бүгін Наурыз қарсаңында Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Мемлекет басшысына хат жазған Софияға және алты баланы өрттен құтқарған Марина Гафароваға
пәтер кілттерін табыс етті.

Жаңа жыл қарсаңында «Тілектер шыршасы» дәстүрлі акциясында София Уркумбаева Президенттің атына хат жазған болатын. Жалдамалы пәтерде әкесімен бірге тұратын кішкентай қыздың тілегі орындалып, үш бөлмелі пәтерге ие болды.

Сонымен қатар, Ғабит Әбдімәжитұлы төрт бөлмелі пәтердің кілтін Марина Гафароваға табыстады.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың 16 желтоқсанына қараған түні тұрғын үйлердің бірінде өрт шыққан болатын. Қызыл жалынды байқаған әйел отқа оранған үйдің терезесін сындырып кәмелетке толмаған балаларды сыртқа шығарды.

Осыған дейін қала әкімі көпбалалы ананың ерлігіне алғысын білдіріп, төрт бөлмелі пәтердің кілтін табыстауға уәде берген болатын.

Кілт тапсыру рәсімінде Софияның әкесі Рүстенбек Үркімбаев пен Марина Гафарова Мемлекет басшысына ерекше алғысын білдірді. София да өзінің қуанышын жасырмай, өлең оқып, оны ел Президентіне жолдады.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі