“ГДЕ ТЫ ПРОПАДАЕШЬ АССАНДИ…” немесе Әсет Әссанди журналистикаға қалай келді?..

1350

Бұл сұрақ көпшілікті қызықтырмай қоймас. Әсіресе, қазақ журналистикасының қара қазанында қайнап, әрі әлеуметтік желіде ”гүлдей жайнап” жүрген Әсет Әссандидің журналистикаға қалай келгені, оған не түрткі болғанын білгіміз келетіні рас. Бұл туралы өзгеден емес, Қазақстан журналистер Одағының мүшесі Әсет Әссандидің өз аузынан естігеніміз жөн шығар…

Әсет ағам былай дейді: -1987 жыл. Қазақстан Компартиясы Бөген аудандық комитетінің қаһарлы екінші хатшысы Бибірабиға Нышанова шақырып алып: «Шымкент облысының Алматыдағы күндері өткелі жатыр. Облыс намысын Бөген мен Алғабас аудандарының өнерпаздары қорғайтын болды. Концертті бастан-аяқ сен жүргізесің», – деді.
Мен ол кезде Бейсен Оңтаев атындағы орта мектепте неміс тілі пәнінің мұғалімімін және мектептегі бастауыш комсомол ұйымының хатшысымын. «Қараспан» совхозының «рабочкомы» Құлбаба Сыздықов көкеміздің алдындамыз:
– Так, неден бастаймыз? – деді ол кісі бізге қарап. «Бізге» деп отырғаным, мен кенет совхоздың «Ақ алтын» аспапты ансамблінің мүшесі болып шыға келдім.
– Ең бастысы, киім тіктіру керек, – дедім ойланбастан. Содан ананы айтып, мынаны айтып, дайындыққа кірістік те кеттік.
Сонымен не керек, Алматы қаласындағы Түркебаев көшесінің бойында Шымкент облысы алматылықтарды өз күндеріне шақырды. Көше басында біз тұрмыз. Бізден кейін айтыс дүлдүлі Көпбай Омаров, сазгер Нышан Төлегенов, мен ол кезде танымайтын шымкенттік көптеген өнер майталманы.
Алматылықтар концертімізді жылы қабылдады. Алғашқы күні Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Геннадий Васильевич Колбин келді. Жанында Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бар. Ауылдан келген біз үшін үлкен кісілердің алдында концерт қою мәртебе болатын. Алматыда болған бір апта ішінде талай қызықтарға батып, астана тұрғындарының ыстық ілтипатына ие болдық.
Ауылға қайтысымен ойыма келгені – алматылық әсерлерімді қалай да қағаз бетіне түсіріп, «Коммунизм таңы» газетіне ұсыну еді. Ол кезде газет жұмысынан мүлдем бейхабар болсам да, ойымды іске асыру мақсатында мақалаға ұқсас бірдеңені жазып тастап, аудан орталығы Темірланға тарттым. Аудандық газет редакциясын тауып алып, ақырын ғана табалдырығынан аттадым. Жазбам орыс тілінде. Мені жылы шырайлы бір әйел қарсы алды. Кейін білгенім, ол редактордың орынбасары Лидия Горбащенко болатын. Алғашында маған аса қызыға қараған жоқ-тын, тек жазбамды тастап кетуін өтінді. Сөйтсем, газетте мен сияқты авторлар көп екен ол кезде. Арада апта өтпей жатып, алғашқы мақалам «Заря коммунизма» газетінде жарқырап шыға келді. Төбем көкке жетуге шақ қалып, қайта-қайта оқимын келіп. Сөйтсем, бірде-бір үтірім, бірде-бір нүктем өз орнынан жылжымаған күйі менің апарып берген нұсқам қаз-қалпында басылған екен. Құлшынысым артқаны соншалық, қайта-қайта мақала жазып, апарып бергім кеп отырды.
Күндердің күнінде редакцияға жолым түсіп, тіке Л.Горбащенко отырған кабинетке кіріп бардым. Ол кісі қуанып кеткені соншалық:
– Мы тебя ищем, где ты пропадаешь? – деп қарсы алмасы бар ма. Сөйтсем, менің жазғандарым ұнағаны соншалық, жиірек жазып тұруымды өтінді. Кейіннен ол мақалаларымның «Коммунизм таңы» газетіндегі қазақша нұсқаларын оқып, таң қалғаным бар. Аударманың өзі жоғары бір дәрежеде жасалғаны, менің айтайын деген ойларымның бүкпесіз жеткізілгені мені одан сайын қамшылай түсті. Сол жылдары газеттің қазіргі редакторы, ол кезде Қажымұқан атындағы совхоздың комсомол комитетінің хатшысы Ғалымжан Зиябек туралы «Спеши, Галымжан!» деген мақалам жарық көрді. Сөздің құдіреті қандай болатынын сол кезде түсінгендей болдым. Өйткені, дәл сол мақалам мені де, Ғалымжанды да бүкіл ауданға танымал етті.
Бір күні Лидия Алексеевнаға кіріп: «Менің мақалаларымды қазақшаға аударып жүрген кім?» деп сұрадым. Ол:
– Бізде қазақ бөлімінде Базаргүл Қалбырова деген тілші істейді, сол аударады, – деді.
Базаргүлдің қай кабинетте отыратынын сұрап алып, онымен танысып алуға асықтым. Алғашқы әңгіме-дүкеніміздің өзі ұзаққа созылды. Газет жұмысына, журналистің маңдай теріне байланысты сауалдарым сарқылар емес. Базекең асықпай барлық сұрақтарыма байыппен жауап беріп отырды. «Журналистика – бір керемет әлем екен ғой!» деген ой сол кезде санамды жаулай бастады. Кейіннен Базаргүлдің кабинетіне жиірек келе-келе, сол кабинетте жұмыс істеп жүрген ардагер журналист Бердуалы Тұрмаханбетовпен таныстым. Ол кісіден де үйренерім көп болды…
Күндердің күнінде Лидия Алексеевна Горбащенко шақырып:
– Сен туралы редактор сұрады, – деді. – Бұл қандай жігіт, өзі жазып жүр ме, әлде өңдеп-жөндеп жариялап жүрсіңдер ме? деп сұрады, – деді.
Сөйтсем, Горбащенко әбден мақтап жіберген екен, бір күні редактордың өз ұсынысымен редакция қызметкері болып шыға келдім. Онда Мұхтар, Ильичбек, Жұбай, Батырбек Салиев, Зұпар, Нұрман деген азаматтармен танысып, кейін етене араласып кеттім. Ондағы қызықтар – өз алдына бөлек әңгіме…