ТЕҢГЕ ІЛУДЕН БАЙРАҚТЫ БӘСЕКЕ ӨТТІ

69

Теңге ілу – бозбалалар мен жігіттердің атпен ойнайтын ойыны. Көбіне қыз ұзатылатын және сүндет тойларының думанында ойналады. Жігіттің атқа мықтылығы, ат үстіндегі самдағай әрекеті, денесін игеріп, билеп алған ептілігі сынға салынады. Теңгені іліп ала алмай, аттан ауып қалып жататындар да көп болады. Кейде бір ауылға келін ұзағырақ жылдардан кейін түсіп, беті ашылғаннан кейінгі сайранда ырым үшін де ойналады. Сонда жас келін өзінің шолпысын не алқа күмістерін орамалға түйіп, бір қарыстай терең қазылған, қолдың басы ғана сиятын шұңқырға салып қояды. Сәйгүлік мінген жігіттер жүз, жүз елу метрдей жерден екпіндете шауып келіп, сол ағынымен шұңқырдағы орамалды іліп әкетуге тиіс. Шұңқыр тұсында іркіліп, тоқтауға не аттың шабысын бәсеңдетуге болмайды. Кімде-кім орамалды іліп әкетсе, оны өзіне тартылған жас келіннің тарту сыйы деп біледі. Оны өзі алып қалмайды, қалаған адамына сыйлайды.

Шымкент қаласындағы жаңа ипподромда «Теңге ілу» ұлттық спорт түрінен II Азия Кубогы бәсекесі өтті. 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық аясында ұйымдастырылған халықаралық жарыста Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Қытай, Моңғолиядан және еліміздің өңірлерінен келген спортшылар теңге ілудің 3 стилі бойынша бақ сынады.

 

Сайыстың ашылу салтанатына Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов, Теңге ілу федерациясының президенті Амангелді Әбдіқадыров және жанкүйерлер, мегаполистің тұрғындары мен қонақтары қатысты.

Сәрсен Абайұлы мегаполисте ұлттық спортпен айналысу үшін барлық жағдай жасалғанын атап өтіп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Халықаралық деңгейдегі жаңа ипподромда ұлттық спорт түрлері бойынша ірі жарыстар ұдайы өткізіліп келеді.
Жарысты барынша әділ бағалау үшін осы жолы теңге ілу спортының тарихында тұңғыш рет бейне қайталау жүйесі, сонымен қатар, уақытты өлшеу үшін арнайы лазер секундомер қолданылды.
6 елдің үздіктері қатысқан сайыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталды. «Бес белес» стилі бойынша Ғалымжан Ізжанов, «Қос құлаш» және «Жеті құт» стилі бойынша Рахат Қaмбаров топ жарды. Үздік спортшылар арасында 3 стиль бойынша да жоғары нәтиже көрсеткен Қанат Бақтыбай «Ең үздік теңге ілуші» атағын иеленді. Сонымен, Азия кубогы бәсекесінде отандастарымыз оң нәтижелерге қол жеткізді. Жеңімпаз және жүлдегер спортшылар қаржылай сыйақылармен марапатталды.