“ТҰРАШБЕКОВ ТӨРТКҮЛДЕ ОЯНЫП, БАДАМДА ҰЙЫҚТАП ЖҮР…”

1000

Әр әкімнің жұмыс істеу тәсілі әртүрлі. Оған мін қоя алмайсың. Біреулері кабинеттен шықпай-ақ, “стол тоқпақтап” іс тындырады. Енді бірі әкім ел аралап, ауыл тұрмысын көзбен көріп, ел-жұрттың мәселесімен жіті танысып, жұмыс істегенді тәуір санайды. Екеуі де ел мүддесіне еңбек етіп, абырой жинауды жөн көреді. Бірақ, адамға түгел жағу оңай ма?.. Егер де бір әкім жұмыс орнында тапжылмай жұмыс атқарса, “ой-сабазың құйрығын бір көтермеді-ау” деп, оған да мін тағамыз.. Ал, кабинетінде қамалмай, таңның атысы-күннің батысы ауыл аралап жұмыс істесеше?.. Кей-кейда ондай әкімді де оңдырмай сыбайтындар табылады. “Ойбай-ау, осы әкімнің астынан су шықтыма, өзі де бір орнында отырмайтын “сырғыма” әкім екен. Неге кабинетінде “омалып” отырмайды?..деп сөгіп жататынымыз бар. Түркістан облысында тыным таппай, тірлік атқаратын екі әкім болса, соның бірі-Нұрбол Тұрашбеков шығар… Әйтеуір, Ордабасы ауданының әкімі Тұрашбековтың шапқыласы көп. Оны баспасөз хатшысы Гаухар Нұрмаханқызының жазбасынан жиі байқаймыз. Мәселен, Ордабасы ауданының әкімі Нұрбол Тұрашбековтың ”қыдырымпаздығы” туралы баспасөз хатшысы былай деп түсінік береді:

Кейде бір азаматтар: «Әкім неге орнында отырмайды?» деп сұрайды. Ол рас. Уақытының көпшілігін ауыл аралаумен өткізеді. Таңда Төрткүлде болса, кеші Бадам аумағын шолумен аяқталып жатады.

«Кабинетте отырғаннан жұмыс бітпейді» дейді Нұрбол Әбдісаттарұлы. Кезекті рет орынбасарларымен нысан аралауға шықты. Биыл Ордабасы ауданында ауқымды жұмыстар атқарылатынын да айта кетейін.

Мәселен, 2021 жылға аудандық бюджеттен 5 көшенің 4,8 шақырымына — жарықтандыру құралдарын орнату, 24 көшенің 19,3 шақырымына электр желілері мен бағаналарды жаңарту жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі таңда, аудан көлемінде электр желілері мен бағаналарын құрылысы бойынша жалпы жоба құны 761 412,6 мың теңгеге жобалық сметалық құжаттамалар әзірленді-дейді әкімнің баспасөз хатшысы Гаухар Нұрмаханқызы. Ордабасыны оңалтсам деп, “Төрткүлде оянып, Бадамда ұйықтап жүрген” Тұрашбековтың ісіне береке берсін. Түлкібасты түрлендірген Тұрашбеков, Ордабасыны олжаға кенелтсе не арман?..

Ерсұлтан Әмірбек, журналист