ӘБІЛДА АЙМАҚТЫ ЕСКЕ АЛУ КЕШІ ӨТТІ 

155

Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында ақын, халықаралық «Физули» сыйлығының иегері Әбілда Аймақтың 70 жылдығына орай «Мен шығармын шынында өлең деген» атты еске алу кеші өтті.

Кеш қонағы ретінде ақын-жазушылар, жоғары оқу орындарының студенттері, мектеп оқушылары, өнерсүйер қауым қатысты. Рухани кеш ақынның үзеңгілес достары-қаламдастары, шәкірттерінің, зиялы қауым өкілдерінің жылы естеліктерінен бастау алып, марқұмның қалам ұшынан тамған өлең-жырлармен шырқалуымен жалғасты. Іс-шарада ақынның шығармашылығына арналған «Рухы биік, тағлымы терең ақын» тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылды.
– Әбілда Аймақ қазақ поэзиясында өз орны бар ақын. Өкінішке қарай, көзі тірісінде лайықты бағасын ала алмай кетті. Әйтпесе Фариза Оңғарсынова, Мархабат Байғұт сияқты классик ақын-жазушылардың өзі Әбілда ағамыздың шығармашылығына жоғары бағасын берген болатын. Ағамыз тым қарапайым жан еді. Өлең-жырдың майданында қаншалықты биік болса, өмірде соншалықты қарапайым болды, – деді Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Анар Жаппарқұлова.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, еске алу кешінің тағы бір мақсаты – ақынның шығармашылығы арқылы өскелең ұрпақтың бойында тілге, Отанға деген махаббат сезімін ояту.
– Әбілда ағамыздың қасында 20 жылдан астам уақыт жүрдім. Аға-іні болып сыйластық. Менің өлеңдерімді оқып, ұдайы бағыт-бағдар беріп тұратын. «Соңыңыздан ерген шәкірттерден кімнен үміт күтесіз?» деп журналистер сұрақ қойғанда, менің атымды атайтын. Әбекеңнің жаны жұмсақ еді, барлық адамға жақсылық жасауға асығып тұратын, – деді ақынның шәкірті, жазушы Қанат Сапарбай.
Айта кетейік, биыл «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында ел бойынша Бердібек Соқпақбаевтың шығармалары насихатталуда. Ал, Шымкент қаласы бойынша «Бір қала – бір кітап» акциясы аясында
Мархабат Байғұт, Әбілда
Аймақ, Қаныбек Сарыбаев және Шойбек Орынбайдың шығармашылығы насихатталып, әдеби кештер ұйымдастырылуда.

Абылайхан ОРАЗАЛИЕВ