«КИЕЛІ МЕКЕН»: «ШАХАН АТА» КЕСЕНЕСІ АБАТТАНДЫРЫЛЫП, ЖЕТІСАЙ ДРАМА ТЕАТРЫ ТАЗАРТЫЛДЫ

101

Сәуір – тазалық пен тәртіпті орнатудың дәстүрлі уақыты, ал сенбілік – ұрпақтарды біріктіретін игі дәстүр. Осындай шаралардың бірі көктемгі тазалық жұмыстары болып саналады. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында «Киелі мекен» апталығы басталды. Осы науқан аясында тарихи-мәдени орындарда тазалық жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

Апталық аясында «Оңтүстікфильм» ұжымы өңірдегі тарихи-мәдени ескерткіштерді абаттандыру бойынша қала маңындағы «Шахан ата» кесенесіне барып, тазалық жұмыстарын жүргізіп қайтты. Қызметкерлер маңайды қоқыстан тазартып, шөбін жинады. Гүлзарларды ретке келтіріп, жарықшамдар мен тақтайшаларды сүртті. Ағаш түптерін әктеп, кесене аумағын сыпырды. Ортақ күш-жігердің арқасында барлық жерде тазалық орнады.

Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры ұжымы да театр аумағына тазалық жұмыстарын жүргізіп, ретке келтірді. «Тазалық – денсаулық кепілі» екенін ұранына айналдырған қызметкерлер айналаны шөп-шаламнан, қоқыстан тазартты. Арық-атыз жағасына көк шыбықтар отырғызып, ағаш түптерін ақтады. Қаланың қақ ортасында орналасқан театр ғимаратының іші-сыртын сүртіп, тазалады.

Айта кетейік, 10 сәуір мен 11 мамыр аралығында Түркістан облысында «Таза Қазақстан» науқаны өтеді. Әр аптаға арнайы ат беріліп, түрлі бағытта экологиялық іс-шаралар ұйымдастырылады. Табиғатты аялау бағытында басқарма ұжымы мен тиісті мекемелер өз аумағында және мәдени-туристік орындарда тазалық жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.