«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: ТҮРКІСТАНДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЭКОАКЦИЯ АЯСЫНДА «КИЕЛІ МЕКЕН» АПТАЛЫҒЫ БАСТАЛДЫ

39

Еліміз бойынша 10 сәуір күні басталған экологиялық акция 11 мамырға дейін жалғасады. Әр аптаға арнайы ат беріліп, түрлі бағытта экологиялық іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр.

Бүгін «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында «Киелі мекен» апталығы басталды. Апталық аясында мәдениет ұжымдары жұмысты бастап кетті. Атап айтқанда түке дейін «Фараб» кітапханасының ұжымы өңірдегі тарихи-мәдени ескерткіштерді абаттандыру бойынша қала маңындағы «Гаухар ана» кесенесіне барды. Кітапханашылар кесене аумағына тазалық жұмыстарын жүргізіп, ретке келтірді.

Күннің екінші бөлігінде «Ұлы Дала Елі» орталығының қызметкерлері «Әлқожа ата» тарихи ескерткішінің аумағын тазартты. Түркістан қаласында орналасқан бұл нысан ХІІ-ХІІІ ғасырға жататын тарихи орын саналады. Сонымен қатар Арыстан баб кесенесі мен Отырар қалашығының аумағында тазалық жұмыстары жүргізілген болатын. Оған облыстық мәдениет және туризм басқармасы мен «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығының қызметкерлері, Халықаралық туризм және меймандостық университетінің студенттері қатысты. Сондай-ақ Бәйдібек сәулет көркем музейінде тарихи ескерткіш ауласы шөптен тазартылды Жұмыстар әлі жалғасуда.

Жалпы «Киелі мекен» аптасында Түркістан облысында 170 іс-шара өткізу жоспарланған. Соның ішінде зиярат етушілер мен туристер көп болатын Сауран қалашығы, «Укаша ата» мен «Жүсіп ата» кесенесі, Ысқақ баб пен Баба түкті Шашты Әзіз кесенесі секілді киелі орындар тазаланады. Алдағы уақытта «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір бұлақ» науқаны бойынша іс-шара жоспары әзірленіп, жүйелі жұмыстар атқарылады.