КЕЛЕСТЕ ҚАРАХАНИДТЕР ЗАМАНЫНДАҒЫ ЖӘДІГЕРЛЕР ТАБЫЛҒАН АЙМАҚ ТАЗАЛАНДЫ

46

Келес ауданындағы №31 Ш.Уәлиханов атындағы жалпы білім беретін мектебінің оқушылары І-ХІІІ ғасыр аралығындағы тарихи жәдігерлер табылған аймақта сынып жетекшілерімен бірге тазалық жұмыстарын жүргізді. Жүзімдік елді мекенінде археологиялық қазба жұмыстары 1985-1986 жылдары жүргізілген еді. Бұл аймақ тарихи орын болып табылады.

«Тарихи орынды тазалау жас шәкірттердің бойында отаншылдық сезімді қалыптастырады «Таза Қазақстан» бұл қашан болмасын өз айналамызды таза ұстап, салауатты өмір салтын қалыптастыратын үлкен жоба. Оқушылар арасында экологиялық мәдениет қалыптастыру — ең алдымен ұстаздардың парызы. Осы акция басталғалы мектебімізде тазалық жұмыстары жүргізілді, мектеп ауласынан, ауылымыздан табылған тарихи ескерткіштер орнын да тазаладық. Әр оқушы тарихи құндылықтарымызды қастерлей білуі керек», дейді мектеп басшысы.

Айта кету керек, қазіргі таңда білім ордасында 150-ден аса экспонат сақтаулы тарихи мұражай бар. Мұнда Қараханидтер заманындағы ерекше қыш ыдыстар да сақтаулы. Білім ордасында 860 оқушы оқиды.

Сондай-ақ бүгін Келес ауданы аумағында жаппай тазалық шарасы ұйымдастырылуда. Онда жергіліктер тұрғындармен қатар мемлекеттік қызметшілер мен коммуналдық мекеме жұмысшылары атсалысуда.