ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» АКЦИЯСЫ АЯСЫНДА КАНАЛДАР ТАЗАЛАНЫП, ОТБАСЫЛАР КӨШЕТ ОТЫРҒЫЗДЫ

31

Түркістан облысында «Таза Қазақстан» акциясы өте қарқынды жүріп жатыр. Экологиялық акцияның бірінші аптасында Арыста жалпы ұзындығы 29 шақырымды құрайтын 4 каналға механикалық тазалау жұмыстары жүргізілуде. Мақсат – вегетациялық кезеңді жүйелі іске асыру арқылы суармалы жер көлемін ұлғайту.

Осыған орай, қалаға қарасты Байырқұм ауылдық округінінің диқандарына су жеткізуші БК-1 (5,5 шақырым) және Жиделі ауылдық округіндегі 3-К-1, 3-К-2, 3-К-3 (23,52 шақырым) каналдарына механикалық тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ал көктемнің шуақты сәтінде Бәйдібек ауданында ерекше акция ұйымдастырылды. Шаян ауылдық округі әкімі аппараты өткізген «Менің талым!» атты отбасылық іс-шарасында аталған ауылдық округі әкімі аппаратында жұмыс істейтін кызметкерлер отбасыларымен бірге аудан орталығындағы Т.Рысқұлов көшесінің бойына 100 түп сәнді тал отырғызды. «Менің талым» акциясы алдағы уақытта да өз жалғасын табады.

Аталған шарада Шаян ауылдық округінің әкімі Айнұр Әуелбекова акцияның мақсатына тоқталып, жас ұрпақтың бойында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, өз ағаштарын отырғызу арқылы қоршаған ортаны тазартуға, көгалдандыруға баулу, табиғатты сүюге, аялауға, қорғауға әр азаматтың өз үлесін қосуға үндеу екенін атап өтті.