ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ТҮРІК ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІГІНІҢ ГУМАНИТАРЛЫҚ КӨМЕГІ БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНА ЖЕТКІЗІЛДІ

92

Осыдан екі күн бұрын Түркістан облысының тұрғындары атынан 9 ауыр жүк көлігі мен қосымша көліктерге тиелген 200 тоннаға жуық кезекті гуманитарлық көмек керуені жолға шыққан болатын.

Бұл орайда, Түркістан облыстық өзбек және түрік этномәдени бірлестіктері БҚО-ға 58 млн-нан аса теңгеге көмек жөнелткен еді.

Өңір тұрғындарынан жиналған гуманитарлық көмектің бір бөлігі Батыс Қазақстан облысына жеткізілді. Түркістаннан барған 50 тонна жүк түсіріліп, гуманитарлық көмек қабылдау орталығына қойылды. Бұл ретте, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жүректен жүрекке» акциясы аясында Түркістан облысы ҚХА жанындағы түрік этномәдени бірлестігі 12 млн. 300 мың теңгеге 2 жүк көлігіне (фура) тиелген көмек жіберген болатын. Онда негізінен азық-түлік, көрпе-төсек, киім-кешек және құрылыс материалдары артылған. Снымен бірге Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен арнайы автобуспен шыққан 50 ерікті жас Батыс Қазақстан облысына жетті, олар су тасқыны салдарын жою, ұйымдастыру жұмыстарына атсалысуда.

Ал, өзбек этномәдени бірлестігінің 46 млн. теңге көлеміндегі гуманитарлық көмегі бар 3 жүк көлігі (фура) бүгін түсте Батыс Қазақстан облысына жеткізілмек.

Осы орайда, Батыс Қазақстан облысының жұрты қиын сәтте көмек қолын созған түркістандықтарға алғысын айтуда.

Жалпы, бүгінгі күнге дейін Түркістан облысы ҚХА жанындағы құрылымдар мен этномәдени бірлестіктердің ұйымдастыруымен су басқан өңірлерге жалпы 88 465 000 теңгеге 301 тонна гуманитарлық көмек жіберілді.