ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ӨЗБЕК ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІГІНЕН 46 МЛН ТЕҢГЕНІҢ ГУМАНИТАРЛЫҚ КӨМЕГІ БҚО-ҒА ЖЕТКІЗІЛДІ
Бүгін Түркістан облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің 46 млн. теңге көлеміндегі 3 жүк көлігіне (фура) тиелген гуманитарлық көмегі Батыс Қазақстан облысына жеткізілді.
Батыс өңіріне Түркістан өңірінің көмегін бастап барған облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің бөлім басшысы Бақытжан Әшірбаевтың айтуынша, барлық қажетті заттар жүк көліктерінен түсіріліп, гуманитарлық көмек қабылдау орталығына қойылған.
Түркістан облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Бахадыр Ирисметовтың сөзінше, су тасқынынан зардап шеккен аймаққа негізінен азық-түлік, көрпе-төсек, киім-кешек және құрылыс материалдары жіберілді.
Еске сала кетсек, осыдан екі күн бұрын Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жүректен жүрекке» акциясы аясында Түркістан облыстық өзбек және түрік этномәдени бірлестіктері БҚО-ға 58 млн-нан аса теңгеге жалпы 130 тонна көмек жөнелткен еді.
Қазіргі таңда Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен арнайы автобуспен шыққан 50 ерікті жас Батыс Қазақстан облысына жетіп, олар су тасқыны салдарын жою, ұйымдастыру жұмыстарына атсалысуда.
Жалпы, бүгінгі күнге дейін Түркістан облысы ҚХА жанындағы құрылымдар мен этномәдени бірлестіктердің ұйымдастыруымен су басқан өңірлерге жалпы 88 465 000 теңгеге 301 тонна гуманитарлық көмек жіберілді.