АДАЛ АЗАМАТ БОЛУҒА ӘРКІМНІҢ ДЕ ҚАҚЫСЫ БАР

139

Атырауда өткен  Ұлттық құрылтайдан соң әлеуметтік желілерде «Адал адам қандай болу керек?» деген  жазбалар қаптап кетті. Өз басым осы уақытқа дейін  «Ұлтты ұйыстырған жиын» деген тақырыпта ойымды қысқаша білдірдім де, қалған әңгімені кейінге ысыра тұруға мәжбүр болдым. Себебі, көтеріліп отырған мәселенің философиясы терең, ол атүсті қалам тартуды көтермейді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  Атырауда адал еңбек пен адал табыс табу  адал адам болуға жетелейтінін, сол арқылы Әділетті  Қазақстан құру көзқарасын нақтыласа,  ал, қоғамдық сананы өзгерту жөніндегі бастаманы Түркістанда өткен құрылтайда көтерген болатын. Ата-бабамыз ниет түзулігі  туралы мәселені бұрыннан айтып келеді. Сол сияқты қазіргі уақытта  әділетті Қазақстанды құру  тек саяси-экономикалық реформалармен шектелмейді.  Мемлекет басшысы айтқандай, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру еліміз үшін айрықша маңызды. Ең бірінші кезекте сананың сілкінуі маңызды.

Жалпы Ұлттық құрылтайдың қай жиынында  болмасын, басты тақырыпта  заманға сай  қалай даму, рухани өсу жолдары  қозғалып келеді.

Мемлекет басшысының даңқты бабаларымыз тарих жасаған қасиетті  өлкелерде құрылтай өткізуінде терең сыр жатыр.

Адам, қоғам мәселесін әл-Фарабидей жеріне жеткізе зерттеген ғұламалар кем. Абайдың «Толық адам» ілімі де соны соқпақтарға жетелейді. Жалпы, бұл орайда Абайдың  антика дәуірінің  мықты философтары Сократтың,  Платонның, Аристотельдің  еңбектеріне ден қойғаны байқалады. Әсіресе, Аристотельдің «Этика»  ілімі мен  Абайдың «Толық адам» ілімі сабақтаса кетеді. Қос алып адамгершіліктің құндылығы қайырымдылықта  деген  түсінікті толықтырып, одан әрі  жалғастыра  түскен.

Отырарлық ғұлама болмысты зерттей отырып бақытқа барар кілтті іздейді. Аристотель мен Платонды  философияны жасаушы деп ұқсақ, әл-Фараби  осы екеуінің еңбектерін зерделеген, жалғастырушы десек, қателеспеспіз. Әл-Фараби адам бойындағы қабілетті өле-өлгенше болмысты тануға жұмсауға ұмтылды, ізгілікке жетуді мақсат етті, ізгілікке жеткенді адами даналық деп  түсіндірді. Әл-Фараби адам мен қоғамды бөліп жармайды, қайта адам бақытқа жету үшін өзара бір-бірімен бірігуге мұқтаж дей келе, «бақыт дегеніміз ізгілік» дегенге тоқтайды. Ғұламаның дәл осы ойлары  қай формацияда болмасын, өміршеңдігін жоғалтпады. Біреулер бақытты мал-мүліктен, байлықтан, енді біреулер биліктен іздесе, ғұлама бақытты ғылымнан тапқан. Негізінде бақытқа жетуді ғұлама қайырымдылықпен үнемі байланыстырып отырады.

Ғұлама қоғамның түрін ұлы, орташа, шағын деп үшке бөледі. Ұлы қоғамға жататын бір идея төңірегіне біріккен, бір-біріне қол ұшын беретіндер көпшілік. Дәл  осы қоғам – Мемлекет басшысы  күн тәртібіне мақсат етіп қойған, баршаға үндеген ұлт сапасы мықты қоғам. Мемлекет басшысы ұлт сапасын жақсартқанда ғана әділетті Қазақстанға қол жеткізуге болатынын ескертеді.

Әл-Фараби еңбегіндегі орташа  қоғам бір халықты ғана құраса, шағын қоғам – белгілі бір жерде, мысалы, бір қалада ғана топтасқан қоғам. Ғұламаның «Қайырымды қала тұрғындары» еңбегі арқылы қала адамдарының ізгілігінен, мейірімінен адалдықты тануға болады.  «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деген дана сөздер Әбу Насыр әл-Фарабидің түйінді ойлары. Ғұлама  бақытқа жетуде ең қажеттісі – қайырымдылық, ал, ең кедергісі – зұлымдық дейді. Мұны да уақыт дәлелдеп отыр.

Ғұлама қоғамды бақытты ету үшін ел басқарушысына қажет он екі қасиетті атайды. Қазіргі таңда ол қасиеттердің көбісін Әдеп кодексінде пайдаланып жүрміз.

Мемлекет басшысы  жыл сайынғы Жолдауларында ғылым саласына тоқталмай кетпейді. Әл-Фараби  ғылым екіге бөлінеді, біріншісі – ізгілікке жету, екіншісі – пайдаға  ие болу дейді. Қазіргі қоғамда ізгілік жасай отырып жаңалық ашып елге пайдасы тисе, оны ел болып, жұрт болып қолданса, ғалымның еңбегі жанғаны. Мемлекет басшысы ел экономикасын көтеру үшін креативті ойлайтын азаматтарды қолдап  отыр. Бұл – ғұлама ойларының  ғасырлар асып жүзеге аса бастауының көрінісі.

Менің пікірімше, адал адам ұғымы ғылыми тұрғыдан терең талдауды қажет етеді. Әл-Фарабиден кейін адам философиясына терең үңілген ғұлама – Абай. Абай атамыздың барлық қара сөздері  адамгершілікті ұстын тұтқан, барлық жақсы әрекетті адамнан, адамның өн бойындағы құндылықтардан іздеген. Абайдың «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» деуі көп нәрсені аңғартады. Абай отыз сегізінші қара сөзінде  адамға кері әсер ететін надандық, еріншектік, залымдық дей келіп, оған  ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек секілді қасиеттерді қарсы қойып Толық адам келбетін іздейді.

Биылғы Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы  жалпыұлттық құндылықтар жүйесіне тоқталды.  «Тәуелсіздік, отаншылдық, бірлік пен ынтымақ, әділдік пен жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық пен жаңашылдық ұлттың жаңа сапасын қалыптастырудың негізгі бағыт-бағдары бола алады» деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Атыраудағы құрылтайда  айтылған «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» ұғымдары адал адам  келбетін толық қамтиды. Онсыз әділетті қоғам орнату мүмкін еместігін ғұламаларымыз өз еңбектерінде әлдеқашан дәлелдеген. «Адам өз өмірінің қожасы» деп әл-Фараби жазып кеткендей, ұлы қоғамды орнататын да адал адамдар. Бүгінгі әділетті Қазақстанның құрылысшылары біз өзіміз, оны сырттан келіп бізге ешкім жасап бермейді. Адалдық та, адамгершілік те, ізгілік те өз бойымыздан табылуы тиіс, ұлттық бірегейлігіміз сонда ғана нығаяды.  Мұның соншалықты қиындығы жоқ, әрқайсымыз өз саламызда адал еңбек етсек, табысымыз да адал болады. Айналамызға бауырмалдық, қайырымдылық танытсақ, заңның үстемдігін мойындасақ  Әділетті Қазақстан құруға қосқан үлесіміз сол болады. Қайырымдылық демекші, Қазақстанның көптеген өңірлерін су басып, елді әбігерге түсірді. Бұл күндері көмек қолын созған азаматтар қаншама, онымен мәселе түгел шешіліп кете қоймас, дегенмен,  ниет түзулігін айтсайшы. Қанда бар қайырымдылық, жүректегі мейірім осындай қиын шақта көрініс берді.

Ысырапшылдыққа ата-бабамыз ешқашан жол бермеген. «Мал тапқанша есеп тап» деп ұрпағын үнемшілдікке тәрбиелеген. Жаһандық сын-қатерлердің бастысы су тапшылығы болса,  сол суды үнемдеу бізде жолға қойылмаған, оған мың сан мысал табылады. Жарық мәселесі де дәл солай, кейбір жерлерде күндіз-түні  жарық жанып тұрады, оған ешкім мән беріп те қарамайды.  Уақытты үнемдеуге де көңіл аудармаймыз, кейбіреулердің уақтысы ұялы телефонды шұқылаумен өтеді, бұл – кеселдің үлкені.

Мемлекет басшысының тағы бір айтқан мәселесі – құмарпаздық пен нашақорлық, вейп мәселесі. Бұл – жаһанданудың арқасында пайда болған, ұрпақ тағдырына тікелей әсері бар қатерлі кесел, кесапат. Жеңіл ақша табудың түбі әрқашан қылмысқа апарады, құмар ойнап, қарызға кіріп кеткен қанша отбасының шаңырағы ортасына түсті. Айта кететін бір жағымсыз жәйт, ажырасудан еліміздің екінші орында тұруы қазақ біткенді ойландыратын мәселе. Нашақорлық – ұлттың болашағына балта шабу, ұрпақты азғындату. Наша сатушылар мен синтетикалық есірткі бизнесімен айналысатындар қоғамның қас жауы ретінде заңның үстемдігін сезінуі тиіс. Вандализмге келсек, барды бүлдіру, өткен тарихтың бетіне дақ салумен бірдей, бұл жаны ашымастың қасында басы ауырмас, елін, жерін сүймейтін тәрбиесіз адамның әрекеті. Тарихи ескерткіштердегі шатпақ жазуларды өшіру үшін өңір жастары әжептәуір жұмыс атқаруда. «Туристерді шақырайық, туризм әлеуетін көтерейік» дегенде, тарихи ескерткіштерді таныстырып жатқанда шетелден келгендер тастарға қашалып не бояумен жазылған бейберекет жазуларды көріп не ойда кететінін өздеріңіз бағамдаңыздар. Мұндай жұғымсыз қылықтар бабалар жолына, аманатына қиянат. Адал адам болу үшін маңдайыңнан тер төгіп, адал еңбек етсең ғана адал табысқа жетесің, алайда, қоғамдағы осындай келеңсіз жағдайға көзді жұмып қарауға болмайды.

Ең алдымен ұлы қоғамды жасау үшін заман дерті – сыбайлас жемқорлықтан құтылу керек. Ол үшін жоғарыда айтқан сананың тазалығы қажет.

Адал азамат идеясы бізді әл-Фараби мұраларына үңілуге жетелейді. Отырарлық ойшылдың өсиет сөздері  – адами даналық. Осыны әр қазақстандық бар болмысымен сезінуі қажет. Адал еңбек ету, адал табыс табу тек өзіміздің ерік-жігерімізге, отаншылдығымызға, адами пейілімізге  байланысты. Адал азамат болуға әркімнің де хақысы бар.

 

Қалыйма ЖАНТӨРЕЕВА,

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы

хатшысының орынбасары,

Түркістан облыстық мәслихатының депутаты.