ҚОС АРДАГЕРГЕ 2 МИЛЛИОННАН БЕРІЛЕДІ

71

Жеңіс күніне санаулы күндер қалды. Өкінішке қарай, жыл өткен сайын Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің қатары азайып барады.

Шымкентте Жеңістің 79-ыншы көктеміне небәрі екі майдангер ғана – 99 жастағы Мұратәлі ТӨЛЕПБЕРГЕНҰЛЫ мен ғасыр жасаған Нина МОСУНОВА жетіп отыр.
Биыл қос ардагерге 2 млн теңге көлемінде төлем берілмек. Өткен жылы ҰОС ардагерлеріне көрсетілетін көмек көлемі 1 329 120 теңгені (360 АЕК) құраған, биыл ол 542 АЕК-ге жетіп отыр. Ардагерлерге берілетін бір реттік төлем жайлы ұсынысты қала әкімі Ғ.Сыздықбеков қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында көтерген-ді. Осы жиында тыл ардагерлеріне берілетін төлем көлемі де қайта қаралды. Тыл еңбеккерлеріне өткен жылы 41 304 теңге (12 АЕК) төленсе, биыл бұл сома 55 380 теңгеге (15 АЕК) ұлғайтылып отыр. Биыл Шымкентте 1872 тыл еңбеккері ақшалай төлем алады.
7 мамыр – Отан қорғаушылар күні қарсаңында ҰОС ардагерлеріне теңестірілген азаматтарға 166 140 теңге төленеді. Бұған дейін олар 132 мың теңге алған.
Сонымен қатар, 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы оқиғаға қатысқандар арасынан саяси қуғын-сүргін құрбандарына тиесілі біржолғы әлеуметтік төлем өседі. Биыл олар 239 980 теңге (65 АЕК) алады. Бүгінде Шымкентте осы топқа жататын 18 азамат бар.
Өзгеріс енгізілген біржолғы төлемдер арасында 29 тамыз – Семей ядролық сынақ полигонының жабылған күніне орай ядролық сынақтар салдарынан мүгедек болып қалған және ядролық сынақтарға тікелей қатысқан тұлғаларға 45 АЕК көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Бұрын бұл төлемнің мөлшері 36 АЕК-ні құраған. Сонымен қатар, биылдан бастап қозғалу қиындығы бар I топтағы мүгедектердің жеке көмекшілерінің санаториялық-курорттық емделуіне 147 680 теңге (40 АЕК) көлемінде әлеуметтік көмек көрсетіліп отыр. Бұл қаражат жеке көмекшінің санаториялық-курорттық ұйымда болу құнын өтеу үшін жылына бір рет төленеді. Ал, пробация қызметінің есебінде тұрғандарға 36 920 теңге (10 АЕК) төленеді. Бұл аталған әлеуметтік төлемдер бір рет беріледі.
Айта кетейік, бүгінде елімізде Ұлы Отан соғысының көзі тірі 174 ардагері бар. Бір жыл бұрын ғана 222 майдангер болған еді.

«ШК»-ақпарат