ЖЫЛЫЖАЙ — ТАПТЫРМАЙТЫН ТАБЫС КӨЗІ

197

Саурандық шаруа Мұрат Сұлтанбаевтың жылыжай шаруашылығымен айналысып келе жатқанына он жылдан астам уақыт болған. Екі соттық жерден бастау алған жылыжай көлемі бүгінде 0,5 га ұлғайған. 7,5 соттық жерден он күннің ішінде 600 кг қияр жиналған. Шаруа бұл межені 50 тоннаға жеткізуді көздеп отыр. Қиярдан басқа жылыжайға тәтті болгар бұрышы мен қырықабат егілген. Мұрат Сұлтанбаевтың айтуынша былтыр 15 соттық жылыжайдан 12 тонна болгар бұрышы жиналған. Биыл бұл өнім бірнеше есеге артады деп күтілуде.

-Мынау қиярдың «фламинго» деген ең жоғарғы сорты. Қиярдың бұл түріне сұраныс жоғары. Өнімді базардағы сатушылар көтерме бағамен өздері алып кетеді. Бір айдың жобасында болгар бұрышы да өнім береді. Қазір гүлдеп жатыр. Жылыжай ерекше күтімді қажет етеді. Баптасаң табысқа кенелесің. Өзіме бау-бақша еккен ұнайды. Қазір он адамды жұмыспен қамтып отырмын. Жиын-терім кезінде жылыжайда елу адамға дейін жұмыс жасайды. Бұдан бөлек, қарбыз ектім. Отбасылық кәсіптің аясын өз күшімізбен ұлғайтып жатырмыз, — дейді шаруақожалық егесі Мұрат Сұлтанбаев.

Жылыжай көзін тапсаң, таптырмайтын табыс. Жерана диқанның еңбегінің есесін еш етпейді. Еңбегі адал болса. Жылыжай кешендерінің молайғаны дұрыс. Бәсекелестікке жол ашады. Сонда ғана халыққа сапалы өнім қолжетімді болмақ. Көкөніс өндірудің әлеуеті зор бола тұра, импорттық өнімдерге тәуелдіміз. Диқаншы Мұраттың айтуынша 2 соттық жылыжайды салып, оны баптау үшін қыруар қаржы мен шыдамдылық керек. Шаруасы оңға басқан диқаншының бар айтары еңбек етсең ғана игілігін көресің. Еңбектің қашанда наны тәтті.

Сауран ауданы бойынша биылғы жылы 32 га жерге жылыжай егу межеленген. Бүгінгі таңда 27,2 га жердегі жылыжайға 19,9 га-қияр, 8,1 га-қызанақ, 1 га-болгар бұрышы, 1 га- лимон егілген.