ТАТУЛЫҚ – ДАМУДЫҢ КЕПІЛІ

107

Еліміздің он аймағында орын алған су тасқынына байланысты Қазақстан халқы Ассамблеясының 33-ші сессиясы онлайн форматта өтті. Ел басына түскен қиындық кезінде отандастарымыз тағы да ынтымақ-бірлігін көрсете білді. Президентіміз атап өткен сын-қатерлерді, оның ішінде экологиялық проблемаларды жеңу, нақты мақсаттарға жұмыс істеп, нәтижеге жету үшін осы сессия «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» тақырыбында өтті.

Неге бұл тақырып таңдалды? Қазақстан – бұған дейін де талай зұлматты бастан кешкен, сан сыннан сүрінбей өткен мемлекет. Кеңес Одағын мекендеген халықтардың қай-қайсысы болсын сталиндік зорлық-зомбылықтан, геноцид пен этноцидтен, саяси қуғын-сүргіннен аман қалған жоқ. Кеңес үкіметі жылдарында жекелеген партия, кеңес, комсомол қызметкерлері ғана емес, тұтас бір халық сенімсіз де сатқын ұлт қатарына жатқызылып, тарихи атамекенінен күштеп жер аударылды. Қазақстанға жер аударылғандардың көбі сол күйі тұрақтап, қалып қойды. Бүгінде олар өздерін қазақстандықтармыз деп мақтан тұтады.
Елімізде мемлекеттік тіл – қазақ тілі, бірақ қазақ ұлты Қазақстанда тұратын өзге ұлттардың тіліне, тарихына, салт-дәстүріне құрметпен қарайды. Конституцияға сәйкес елімізде тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге жол берілмейді.
Қазір бүкіл әлем бұрын болмаған жаңа сынақтармен бетпе-бет келіп отыр. Экономикалық, әлеуметтік, экологиялық, биологиялық және басқа да қатерлерге қоса, жер жүзіне жағымсыз идеологиялық вирустар да жайылып келеді. Осындай сын-қатерлерге жұтылып кетпеудің бірден бір кепілі – Қазақстан халқының бірлігі. Ал, Ассамблея тура осы механизмді халыққа тарататын, әрбір өкілге жеткізетін, өзге ұлттарға ұғындыра білетін ұйым.
Президенттің екінші бір ұйғарымы – жергілікті жерлерде идеологиялық мәселелерді көтеру, идеологияның ішінде мемлекетшіл идеологияны қалыптастыру мәселесі, мемлекеттік тіл, тарихи сананы қалыптастыру мәселесі. Осы бағыттарда еліміздің бірлігі, жасампаздығы, экономикасының өрлеуі үшін сын сағаттарда жаңа реформаларды қолға алу керек деген мәселені көтерді. Міне, өрлеу деп осыны айтсақ болады. Олай болса Ассамблеяның көзге көрінетін жұмыстарының бірі – ғылыми әлеуетті арттыру. Яғни алғашқыда болжам жасайтын ғылым жүруі керек, ғылымнан соң оның елге деген табысы, кілті болуға тиіс. Бір сөзбен айтқанда, ғылым мен экономиканың интеграциясы болуы тиіс деген мәселені көтерді.
Сондықтан да біз ел боламыз десек бесігімізді түзейтін халықпыз. Соның ішінде өз тілімізді, мәдениетімізді, әдет-ғұрпымызды, этнографиялық қалыптасқан тарихымызды ұрпақтан ұрпаққа жеткізе отырып, еліміздегі өзге ұлт өкілдерімен бірлікте өмір сүру. Дүниежүзіндегі алпауыт мемлекеттердің қатарында тұрғаннан кейін ол елдерді дос санай отырып, тәуелсіздігімізді ұрпақтан ұрпаққа жеткізу мәселесі көтерілді деп ойлаймын.

Дария ҚОЖАМЖАРОВА,
Шымкент қаласы мәслихатының депутаты