ҚАЗАҚТЫҢ «ҚАНАТТЫ ҚЫЗЫ»

136

Жеңіске жету жолында Отан үшін от кешіп, құрбан болған қазақ батырлары мен қыздары жетерлік. Олардың есімдерін есте сақтап, ерліктерін келер буынға дәріптеуіміз керек. Отты жылдардағы қазақ жерінен аттанған жауынгерлердің ерлігі мен әскери жанқиярлығы Отан соғысы тарихында алтын әріптермен жазылды.

Әлемді дүр сілкіндірген оқиға 1941 жылы 22 маусымда басталған еді. Бірақ сол кездегі Кеңес елдерінің бірлігі мен ынтымағының арқасында Ұлы Отан соғысы 1945 жылы 9 мамырда Ұлы жеңіспен аяқталды. Міне, биыл Ұлы жеңістің 79 жылдығы.
Ж.Тәшенов университетінде «Томирис» қыздар клубының кезекті басқосуы қазақтың батыр қыздары – Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Хиуаз Доспановаға арналды.
Әлия мен Мәншүктің ерлігі жайлы ақпарат мол болғанымен, Хиуаз Доспанованың ерлігі туралы деректер кейінгі жылдары ғана айтыла бастады.
Хиуаз Қайырқызы Доспанова 1922 жылы 15 мамырда Ганюшкин ауылында (қазір Атырау облысы) дүниеге келген.
Ұшқыштық өмір жолын Оралдың аэроклубында бастаған Хиуаз Доспанова кейін әйгілі ұшқыш Марина Раскова басқарған 46-гвардиялық полкінің құрамында 300-ден астам әуе шайқасына қатысқан. Ерен ерлігі үшін сол кезеңде-ақ «қанатты қыз» атанған. Хиуаз Доспанова қызмет еткен полк Солтүстік Кавказ, Кубань, Қырым, Украина, Белоруссия, Польша, Германия аспанындағы шайқастарға қатысқан. Түн қараңғысында жауға қырғидай тиген Хиуаз Қайырқызы соғыс кезінде ұшақтан 14 рет құлаған екен. Төрт мәрте ауыр жарақат алса да, есін жиысымен ұрыс даласына қайта оралып отырған. Хиуаздың ерлігі жайлы Кеңес Одағының батыры Марина Чечнева былай деп жазған екен: «Хиуаз Доспанова ұшағын нысанаға ылғи да дәл апаратын және өз аэродромына да сондай дәлдікпен қайта оралатын. Хиуаз бен оның ұшқыш құрбыларын немістер «Түнгі мыстандар» деп атап, олардың әуеден бағыттаған соққысын үрейлене күтіп, талай таңды көз шырымын алмастан қарсы алды».
Х.Доспанова майдандағы ерлігі үшін ол «Қызыл жұлдыз», ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталған. Ал, төсіндегі «Еңбек Қызыл Ту» ордені соғыстан кейінгі жылдардағы елеулі еңбегінің жемісі. Соғыстан кейінгі жылдары Хиуаз Доспанова халық руханиятына да үлесін қосып, қолтаңбасын қалдырған. «Абай» операсы мен «Шоқан Уәлиханов» драмасын сахналауға, «Медеу» спорт кешенін салуға және көптеген тарихи маңызы бар еңселі ғимараттардың құрылысына ер азаматтармен иық тірестіре жүріп, көптеген игі жұмыстардың ортасынан табылды. Соғыстан кейін лауазымды қызметтер атқарған Хиуаз Доспановаға Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың Жарлығымен «Халық қаһарманы» атағы берілген.
Соғыс жылдарында ерліктерімен көзге түскен батыр қыздарымыз: Әлия мен Мәншүк ерлікпен қаза тапса, Хиуаз Доспанова екінші топ мүгедегі болып елге жеңіспен оралып, бейбіт өмірде аянбай еңбек етіп, артында өшпес із қалдырып кетті. Хиуаз Доспанованың ерлігі ертеректе айтылмай қалғанымен, еліміздің ұлтжанды азаматтарының ізденуі нәтижесінде еленіп, марапаттарға ие болды. Оның ерлігін кейінгі ұрпақтарға өнеге етіп, таныстыру, оқушыларға, жастарға осы арқылы патриоттық тәрбие беру, әрбір тәрбиешінің, мұғалімнің, оқытушылардың міндеті, оны халқы ешуақытта ұмытпайды.

А.ДОСПЕНБЕТОВА,
Ж.Тәшенов университеті Педагогика және
бастауышты оқыту әдістемесі кафедрасының оқытушысы, п.ғ.д., профессор

А.СӘРСЕКЕНОВА,
аға оқытушы