КИЕЛІ ШАҺАРДА ҚОҢЫРЖАЙ АУА РАЙЫ ҚАЛЫПТАСАДЫ

245

Түркістан өңірінде қоңыржай ауа-райын қалыптастырудың кешенді бағдарламасын жүзеге асыра бастады. Сонау Көкшетаудағы Сәкеннің сексен көлі атанған аумақ секілді Түркістан маңын барынша көкжелектендіру ғана емес, қолдан көлшіктер орнату, қалаға жақын маңнан су қоймаларын салу жұмыстары қарқын алуда. Оның ішіндегі бірі де бірегейі қаладан небәрі елу шақырым жерде орналасқан бұрын Шошқакөл атанып келген су жүйелерін «Жетікөл су жүйесі» айдарымен кешенді бағдарламаға айналдырды. Өйткені, бұл «Жетікөл су жүйесі» аумағында үш ауданның территориясын қамтыған жетпістен астам көлдер мен көлшіктер құрайды. Мұнда құстардың 420-дан астам түрлері мекендейді. Осы бағытта туристер мен қала қонақтарының жылдам жетуіне арналған дамба құрылысы жүргізілуде. Осы жазда аяқталатын түрі бар.

Бұдан басқа ондаған жобалар қарқынды жүргізілуде. 2021 жылы 8 елді-мекенде су құбыры қайта жаңартылып, 20 елді-мекенге жаңа ауыз су құбыры тартылған. Нәтижесінде 717 елді-мекен немесе 1 млн. 932 мың адам (94,5%) ауыз сумен қамтылған.

Биыл 14 елді-мекеннің су құбыры қайта жаңартылып, 13 елді-мекенге жаңа ауыз су құбырын тарту жоспарланған. Сол арқылы 730 елді-мекенді немесе сумен қосымша қамту көзделуде.

Түркістан қаласында «Жасыл белдеу» қалыптастыруға, қаланы көгалдандыру мен абаттандыруға баса мән беріліп келеді. Қазіргі таңда саябақ мен гүлзарлар саны 60-қа жетті. Көгал аумағы 2,5 млн. шаршы метрден асады.

Жасыл желекті суғару бойынша жерасты суы мен Арыс-Түркістан каналының суын барынша тиімді пайдалану қолға алынды. Облыс әкімі қаланы абаттандыру, арықтар мен каналдардың жұмысын жүйелеу жөнінде тапсырма берді.

Бүгінде шаһардағы 200-ден астам көше ирригациялық арық арқылы суғарылуда. Оған гидрантты жүйелер пайдаланылады. Жоспар бойынша биыл облыс орталығында 250 мың ағаш көшеті мен 128 гектар көгал егіледі. Жыл басынан бері 500 мың шаршы метр аумаққа көгалдандыру жұмысы жүргізіліп, 100 мыңнан аса көшет отырғызылды. Қаланың «Ботаникалық бақ» аумағы жағынан су тазартылатын №1, №2 су қоймасын салу жұмыстары жүргізілуде. Оған Р-33 каналынан су алынады.

Түркістан қаласын одан әрі жақсарту мақсатында 2021-2022 жылдар аралығында 269,2 шақырымды қамтитын 216 көшеге жарықтандыру жүргізу жоспарланды. Қазіргі таңда 124 көшеде жарықтандыру толығымен іске қосылып, қалған 92 көшені электрмен жабдықтау жұмыстары жалғасуда.