Ерекше қажеттілігі бар азаматтарға әлеуметтік қызмет көрсетілу маңызды
Ресми деректерге сүйенсек, Түркістан облысында 98 760 мүгедектігі бар азаматтар тұрады. Аталған азаматтарға мемлекет тарапынан жан-жақты жәрдем түрлері де қарастырылған. Түркістан қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде ерекше мұқтаждығы бар қала тұрғындарына оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес мемлекеттік қызмет көрсетілуде. Атап айтқанда, ерекше қажеттілігі бар азаматтарға әлеуметтік қызметтің: «инватакси» қызметі, жүріп тұруы қиын азаматтарға жеке көмекші тағайындау, азаматтардың жекеленген санаттарына әлеуметтік қолдау көрсету үшін міндетті гигиеналық құралдармен жабдықтау сынды көмек түрлері ұсынылған. Жалпы, Түркістан қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінде 25 әлеуметтік қызметкер жұмыс жасауда. Әлеуметтік қызметкер ол — арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін және (немесе) арнаулы әлеуметтік қызметтерге қажеттілікті бағалау мен айқындауды жүзеге асыратын, белгіленген талаптарға сәйкес келетін қажетті біліктілігі бар қызметкер. Олардың үйде әлеуметтік көмек көрсету секторындағы 6 қызметкері жеке басты қарттарды күтушілер, 17-і ерекше қажеттілігі бар балаларды күтушілер.
Халықты әлеуметтік қорғау саласында үйде қызметтер көрсету жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарты бұл — қызметтерді алушылардың тұрғылықты жері бойынша үйде қызметтер көрсету жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге арналған мемлекеттік және мемлекеттік емес меншік нысанында үйде қызметтер көрсету ұйымдарда (бұдан әрі – үйде қызметтер көрсету ұйымдары) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетудің сапасын, көлемін және тәртібін белгілейді. Сонымен қатар:
1) психоневрологиялық ауытқулары бар бір жарым жастан он сегіз жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға (бұдан әрі – балалар);
2) тірек-қимыл аппараты бұзылған бір жарым жастан он сегіз жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға (бұдан әрі – ТҚА бұзылған балалар);
3) психоневрологиялық аурулары бар он сегіз жастан асқан мүгедектігі бар адамдарға (бұдан әрі – он сегіз жастан асқан адамдар);
4) бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға (бұдан әрі – мүгедектігі бар адамдарға);
5) егде жасына байланысты өзіне қызметтер көрсетуге мүмкіндігі жоқ адамдарға (бұдан әрі – қарттар) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету, тоқтату және тоқтата тұру шарттарын айқындайды.