Мүмкіндігі шектеулі жандарды жан жақты қолдау демократиялық қоғамның барлығына тән құбылыс

55

Түркістан облсында қолжетімді орта құру мақсатында әкімдіктер жанынан 17 аудан, қалада осы салаға жетекшілік ететін әкім орынбасарының жетекшілігімен жұмысшы топтар құрылып, құрамына мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктері мен «Amanat» партиясының аудан, қалалық филиалдарының өкілдері де енгізілген. Бүгінгі таңда 144 нысан бейімдеу шарасынан өткізілді.

Ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін медициналық-әлеуметтік сараптаманың рәсімдері мен мерзімдерін оңтайландыру мақсатында Еңбекмині мүгедектікті сырттай белгілеуді енгізу бойынша жұмыс жүргізуде. Осы айдың өзінде жоба Қазақстанның 6 өңірінде пилоттық негізде болады. Оны іске асыру келешекте мүгедектігі бар адамдардың инстанциялар бойынша жүруін және көрсетілетін қызметті берушімен тікелей байланысын болдырмауға мүмкіндік береді.

Әр жылдың қазан айында жергілікті атқарушы органдар мүгедектер күніне орайластырылған салтанатты іс-шаралар өткізеді (байқау-конкурстың, шығармашылық фестивальдердің, Паралимпиада ойындарының, арнайы Олимпиадалар мен чемпионаттардың жеңімпаздарын марапаттау), мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау жүйесін дамытуға үлес қосқан белсенділерге құрмет көрсетеді. Қалалар мен аудандардың әкімдері мүгедектігі бар адамдарды, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды аралайды. Медициналық-әлеуметтік мекемелер мен оңалту орталықтарында мүмкіндіктері шектеулі жандарға арналған «Ашық есік күндері» өтеді. Сонымен қатар, қайырымдылық акциялары аясында мүгедектігі бар ауыр науқастарға бару жоспарланған, оларға азық-түлік себеттері беріледі.

Тағы бір айта кететін жаңалық, бұрын тек қана жергілікті атқарушы органдардың жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар қызметтерінде көрсетілген ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін 6 жаңа қызмет онлайн форматқа ауыстырылды және «Электрондық үкімет» порталында қолжетімді болды. Енді, қолданыстағы 18 онлайн қызметтен басқа тағы 6 қызмет қол жетімді болды. Атап айтқанда, ымдау тілі маманын ұсыну, жеке көмекшіні ұсыну, санаторий-курорттық емдеу, сурдо-тифлотехникалық құралдар, міндетті гигиеналық құралдар, кресло-арбалар мен протездік-ортопедиялық көмек көрсету. «Бұл қызметтерді іске асыру біз үшін басым бағыттардың бірі болып табылады. Біздің міндетіміз — ерекше қажеттіліктері бар қазақстандықтар барлық қажетті мемлекеттік қызметтерді үйден шықпай-ақ ала алатындай етіп жасау. Біз жүктелген маңызды жауапкершілікті түсінеміз және Қазақстан Республикасының Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, осындай сервистерді ұсынуды жақсарту мақсатында өз тарапымыздан барлық қажетті шараларды қолданамыз», – деп түсіндірді Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.