УАҚЫТ ӨТТІ, КЕШ ҚАЛДЫМ ДЕМЕҢІЗ!
Уақыт өзінің күрделі жіптерін адам өмірінің кең матасына тоқып, уақыттың, жыл мезгілдерінің және дәуірлердің өтуін білдіреді. Бірақ осы бітпейтін шерудің ортасында уақыт шеңберіне қайшы келетін бір ескірмейтін әрекет бар. Ол – білім. Оқу қажеттілігі – бұл уақыттың өтуіне немесе күнтізбе беттеріне қарамастан, адамдарды өзін-өзі тану жолына түсуге итермелейтін мәңгілік ұмтылыс.
Оқытудың табиғаты жастардан да, мектептің институционалдық шекарасынан да асып түседі. Бұл өмір бойы жалғасатын ізденіс пен ағартушылық экспедициясы. Тарих білімнің динамикалық екенін және әр жаңа кезеңге қарай өзгеретінін, өсетінін және бейімделетінін көрсетеді. Жаңа ақпарат пен түсінік пайда болған кезде, барлық нәрсенің моделі сәт санап өзгеріп, кеше ғана үйреніп білген іліміміз бүгін жарамай қалуда. Сондықтан, оқуды үйренуді қай кезде болсын тоқтатпау қажет. Адам жасы қанша жаста болса да, не нәрсені бастан кешсе де, әрқашан толықтай білім алып дамуына мүмкіндік бар. Бір орында тұрақтап қалуға болмайды. Білім алып, өзін жетілдіріп, алған білімді өз өмірінде қолданып тәжірибе жинақтау керек.
Сондықтан білімге ұмтылу адамның жасымен немесе жағдайымен шектелмейді. Керісінше, бұл ешқашан аяқталмайтын оқиға және оның шексіз тарауларына барлық ортадан шыққан адамдар қатыса алады.
Білімге ұмтылу өмір бойы маңызды және құнды болып табылады. Адам өзінің академиялық мансабын ең жақсы кезеңінде бастаса да, зейнеткерлікке шыққаннан кейін көкжиегін кеңейтуге ұмтылса да, оқу қажеттілігі ешқашан тоқтамайды. Шын мәнінде, адамдардың жаңа ұғымдармен өзара әрекеттесуге, жаңа қабілеттерге ие болуға және өмірдің әртүрлі салаларында шарлау кезінде әлемге деген көзқарасын кеңейтуге көптеген мүмкіндіктері бар.
Өкінішке қарай, қоғамда адамдарды белгілі бір қалыпқа, стандартқа бұғаттап тастайтын осы сияқты психологиялық кедергілер жетерлік. Мәселен, «Отызда орда бұзбасаң, қырықта қамал алмассың» деген сияқты шектеу. Яғни, адамдар белгілі бір жасқа дейін жақсы мансап жасауы, ғылыми жаңалық ашуы, кәсіп дөңгелету т.б. жетістіктерге жетпесе, кейін бәрі кеш дейтін ұғым. Тіпті адам санасына сіңген мөлшерлі жастан кеш қалсаң, сізге уақыты өткен тауар сияқты мүсіркей қарайды. Мұндай көзқарас салдарынан адамның талабы мұқалып, санасы күйзеліске ұшырап, жаңалыққа ұмтылып, тың мүмкіндіктер қарастыруға, талпыныс жасауға, кәсіп үйренуге, ең бастысы өмірін мәнді де сәнді етуге тырыспайды.
Шын мәнінде жас – оқуға кедергі емес, білім мен даналықтың жинақталуының белгісі болуы керек. Себебі адам баласы дүние көзін ашқан сәттен бастап, өміріне керек қарапайым қажеттілікті үйренуге мұқтаж. Тамақ жеуді, еңбектеп жүруді, тіл қатып, сөйлеудің өзін белгілі бір уақыттан соң ғана үйрене алады. Адамды басқа жаратылыстардан ерекшелейтін тұсы да осы. Мысалы, жан-жануарлар дамымайды, кемелденбейді. Оларда сана жоқ. Сондықтан олар оқып-тоқып үйренбейді. Олардың деңгей дәрежелері бірқалыпты, төмендемейді де, өспейді.
Мына әлемде 8 миллиардқа жуық адам болса, сол адамның бәрі бір-біріне әсте ұқсамайды. Олардың қабілеті, мүмкіндіктері, өскен ортасы, алған білімі мен тәрбиесі, көзқарасы сан алуан. Сондықтан да олардың белгілі бір өмірлік межені бағындыруға қызығушылығы да әртүрлі болады. Өмірді өзгертуге ешқашан кеш емес. Ағымдағы жағдайларға, өткен тәжірибеге, жасқа, жынысқа немесе әлеуметтік-экономикалық мәртебеге қарамастан, өзіміз қалаған өмірді жасай аламыз.
Қазіргі заманда интернет желісіндегі адамдардың өміріне соншалық қызыққаны өзіміздің өміріміздің бар екенін ұмытып кетеміз. Басқаша өмір сүруді елестете алмаймыз. Арман мақсаттарымыз солардың төңірегінен шектеліп аса алмайды. Сол себептен заманымызда білім емес, танымалдық маңыздырақ болып кеткендей. Білімді – білімдіден алу керек. Адамның танымал блогер, бизнесмен, актер, әнші болуы білім иесі дегенді білдірмейді. Білімді кімнен алып жатқанға мән беру қажет.
Білімге деген ұмтылыс адам өмірінің алғашқы сәттерінен бастап кәрілікке дейінгі барлық аспектілеріне еніп, адамдарды интеллектуалды ағарту жағдайына жетелейді. Шын мәнінде, білім – бұл мақсатқа жету үшін ғана емес, оны жүзеге асыру үшін қажет саяхат. Бұл саяхат уақыт өте келе дамып келе жатқан ақыл-ой мен жанның дамуын талап етеді.
Уақытты тиімді пайдаланбаған жандар оның үнемі жетпейтіндігін айтып шағымданып жүреді. Жалпы кез келген жаңа нәрсені үйренуге, қандай да бір істі жасауға уақыттың тапшы екенін себеп қылу шындыққа жанаса бермейді. Адам баласының жасаймын үйренемін деген құлшынысы болса, ондай жандарға уақыт тапшылығы деген сылтау болмайды. Мысалы, артына мол мұра қалдырған Әл-Фараби, Яссауи, Ұлықбек, Абай мен Шәкәрім сияқты барлық жасампаз ұлы тұлғаларға берілген уақыт мөлшері бізге де берілген. Арадағы айырмашылық – көпшілік адам уақытты әйтеуір өткізуді, ал ұлы адамдар оны тиімді пайдалануды ойлайды.
Ұ.Перден