ӘЙЕЛДЕРДІҢ ҚҰҚЫН ҚОРҒАЙЫҚ, ӘКЕЛЕРДІҢ БЕДЕЛІН ТӨМЕНДЕТПЕЙІК!

37

Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ, «Оңтүстік Қазақстан».

Мемлекет басшысының пәрменімен әзірленген әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігіне қатысты жаңа заң жобасы енді бірер айдан кейін қолданысқа енгізіледі. Әрине, жаңа заңнаманы өмірге әкелу оңай атқарыла салатын шаруа емес. Заңды дайындау барысында 15 заңнамалық актіге, оның ішінде 7 кодекс пен 8 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін айта кеткен жөн. Жаңа құжатты әзірлеу үшін қаншама адамның тер төккені, қаншама ұсыныс-пікірлердің жинақталғаны айтпаса да түсінікті.

 

Жаңа заң жобасында ауыз толтырып айтатын жаңалықтар аз емес. Соның ең бастысы, бұған дейін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекспен сараланып келген кейбір баптар енді қылмыстық іс ретінде сипатталатын болды. Жалпы, мұндай өзгерістердің жасалуына отбасыдағы зорлық-зомбылық әрекеттердің, балаларды ұрып-соғу оқиғаларының көбейіп бара жатқандығы түрткі болғаны анық. Мәселен, Бас прокуратураның мәліметінше, өткен жылы құқық қорғау органдарына тұрмыстық кикілжіңге қатысты 100 мыңнан аса шағым түскен. Бұл соңғы бес жылдағы көрсеткіштен үш есе көп деген сөз. Ал, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Закиеваның айтуынша, 2022 жылы балаларға қарсы 2000-нан аса қылмыс жасалса, олардың үштен бірі жыныстық сипатта болған. Мұна аз десеңіз, өткен жылы зорлық-зомбылықтан 69 әйел, 7 бала қайтыс болған.

Облыстық полиция департаментінің мәліметі де өңірдегі жағдайдың аса мәз еместігін аңғартады. Айталық, былтыр облыс көлемінде тұрмыстық сипатта жасалған қылмыстар 8,3 пайызға немесе 48-ден 52-ге дейін өссе, оның басым бөлігі әйелдерге қарсы жасалған. Енді осы қылмыстарға талдау жасайтын болсақ, денсаулыққа орташа зиян келтіру деректері 15-тен 19-ға, 16 жасқа толмаған адамдарға қарсы жыныстық әрекеттер жасау фактілері 6 есеге өскендігін көруге болады. Мұнан бөлек, отбасының шырқын бұзған 5045 адам ішкі істер органдарына жеткізілсе, жақынынан зәбір көрген 4395 адамға қорғау нұсқамасы шығарылған. Ал, 646 адамның мінез-құлқына сот арқылы ерекше талаптар белгіленіп, профилактикалық есепке алынған. Әрине, заңнамаларды ізгілендіріп жатқан уақытта әкімшілік құқық бұзушылық санатындағы кейбір баптардың қатаңдануын қаламайтындар да кездеседі. Дегенмен, Президенттің «Заң және тәртіп» қағидаты негізінде әзірленген жаңа заң жобасының мақсаты – тұрмыстық сипаттағы кез келген құқық бұзушылықты елеусіз қалдырмауға бағытталғаны анық. Мұның өзі азаматтарға жауапкершілікті сезіндіре отырып, отбасыдағы ішкі татулыққа жете мән беруге жетелейді. Ендігі жерде заңнан хабары бар адам үйде өзін ұстаудың, айналасына түсіністікпен қараудың мәнін түсінетін болады деп үміттенеміз.

Әрине, үйінде жанжал шығарып, жақындарына дөрекі мінез көрсететіндер үшін жазаның қатаңдануы құптарлық. Дегенмен, таяқтың екі ұшы барын ескергеніміз жөн. Арғы-бергі тарихымызға көз салсақ, қазақ халқы әкені отбасының асыраушысы, шаңырақтың негізгі тұтқасы ретінде бағалаған. Оның тәлімі мен тәрбиесін қашанда қадір тұтқан. Біреудің баласы жақсы, өнегелі азамат болса, «оның атасы немесе әкесі жақсы кісі еді, көргенді бала екен, өнегелі жерден шыққан ғой» деп мақтауын асыратын. Қазір бұрынғыны сөз етсең өткенді көксеген болып шығасың. Бірақ, кешегісіз бүгіннің жоқ екендігі тағы ақиқат. Қалай айтсақ та, бұрынғылардың әйелге, қыз баланың тәрбиесіне қатаңырақ қарағаны рас. Одан әйел де азған жоқ, қоғам да тозған жоқ. Ол кезде тіпті, ажырасу деген атымен болмады десек те өтірікші атанбаймыз. Алайда, соңғы жылдары орын алған идеологиялық жұмыстардың жүйесіздігі, отбасылық құндылықтарға қатысты түсініктердің өзгеруі ежелден қалыптасқан дәстүрлі құндылықтарды бұзып жіберді десе де болады. Елдегі әлеуметтік-экономикалық жүйенің тұрақсыздығы да жұмыссыздықтың белең алып, оның арты үй ішіндегі кикілжіңді, ұрыс-керісті, дау-жанжалды ушықтыруға әкеп соқты. Кейбір сабырсыз, тәубесі кем әйелдер күйеуінің ақша таппағанын бетіне басып, бала-шағаның алдында намысын таптаудан тайынбайтын болды. Оның үстіне гендерлік теңдікке байланысты әйелдер жоғары қызмет ала бастады. Қазір тапқан дүниесін, қызметін алға тартып, үлкен-кішінің алдында күйеуінің беделін түсіріп, «қолыңнан түк келмейді» деп сөгетін келіншектер де жоқ емес. Көпшіліктің көкейінде заң күшіне енгеннен кейін ерін сыйламайтын, үйдегі болмашы нәрсеге бола беттен алып, төске шабатын осындай әйелдер көбеймес пе екен деген күдік те жоқ емес. Тіпті, күйеуінің анасына, яғни өз енесіне тіл тигізіп, баласының беделін батпаққа батыратын әйелдер туралы не деуге болады? Бұл туралы заң жобасы не дейді? Әлде мұндай әрекеттер зорлық-зомбылыққа жатпай ма? Қит етсе заңға жүгініп, әкесін үнемі балаларының алдында жер қылып отыратын ана осы қылығы арқылы өзін де жерге тығатынын түсіне ме екен?! Шешесінің осындай әрекетін көріп өскен, әкесіне қатысты бейәдеп сөздерін жиі естіген бала ертең әкесін сыйлай ма? Ондай әкеде бедел бола ма? Отбасыда беделі жоқ әкенің ұлы ертең беделді болып жарыта ма?

Иә, бүгінде төрдегі орнын босатып, босағадан сығалап тұратын ер-азаматтардың бар екендігі жасырын емес. Әсіресе, әлеуметтік желілерде «отбасыдағы ерлердің рөлі өзгерді», «әкелердің беделі төмендеді», «бүгінгінің ерлері ұсақталып барады», «батыр тұлғалы бабаларымыздың ізін жалғайтын еркектер азайып кетті», «еркектер – жалқау, жатыпішер» дейтін пікірлер жиі айтылып жатады. Әрине, жауапкершілікке атүсті қарайтын ер-азаматтардың бар екенін жоққа шығаруға болмас, бірақ, ақылы мен пайымы терең аналар отағасының кемшілігін жасырып, балаларын үнемі әкесін сыйлауға, құрметтеп жүруге бейімдеп отырмас па?! «Әкең ренжіп қалар», «Әкең жіберсе, бара ғой», «Әкеңе барып сәлем бер», «Әкеңе керегін дайында» деп әкені құрметтеуді анасы баласына үйретіп отырса, мұндай отбасыда тәртіп пен татулықтың салтанат құрары сөзсіз. Сондықтан әр отбасыда әкенің, ердің, күйеудің орны төрде болуы қажет. Әкенің мысы басым болмаған отбасыда бірлік пен берекенің орнай қоюы екіталай. Керісінше, әке тәрбиесін көрмеген баланың бойында жасықтық пен жасқаншақтық, сөзде тұрмау, екіжүзділік, өсекке жақындық, бозөкпелік сияқты жағымсыз қасиеттер ұялауы мүмкін. Елінің тағдырына алаңдайтын, іскер, намысшыл, сондай- ақ, отбасының тірегі болатын ер-азаматтар көбейгенде ғана келешегіміздің кемел болатыны анық. Себебі, «Ері жоқ елдің күні қараң» дейтін Күлтегін жыраудың сөзі бүгінде үлкен маңызға ие болып отыр. Ұзын сөздің қысқасы, ұлттық құндылықтар өзгеріңкіреп тұрған бүгінгідей құбылмалы уақытта әйел-аналарымыз, қыз-келіншектеріміз өзінің қазақы тәрбиесін, қазақы табиғатын жоғалтып алмаса екен дейміз.

Қалай болғанда да әйелдердің құқын қорғайық, дегенмен, әкелердің де беделін төмендетіп алмайық дегіміз келеді.