ДІННІҢ ҚОҒАМДЫҚ МАҢЫЗЫ

97

Дін – қоғамның рухани өмірінің маңызды саласы. Ол – Құдай мен адамның байланысы арқылы адам өмірінің мәніне айналған сана формасы. Дін қай халықтың болсын мәдениетінің рухани негізі. Дін адамдардың жеке сеніміне қатысты десекте оның белгілі әлеуметтік топтарда және қоғамда алатын орны ерекше. Бүгінгі таңда әркім өзінің діни сеніміне берік бола отырып, ортақ адамзаттық келісімге келу өркениеттік сананы тудырады. Қазір елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері тату – тәтті тұрып жатыр. Олардың бәрін бір мақсат пен ортақ мүдде біріктіріп, топтастырып, ауыз біршілігін күшейтіп отыр. Осындай ынтымағы мен бірлігі жарасқан ел халқының 70 пайыздан астамы мұсылмандар.

Дін – бір ұлттың меншігіндегі зат емес. Яғни ол адам таңдамайды. Мейлі ол қара болсын, ақ болсын, бай болсын, кедей болсын, бөліп жармайды. Және ислам бүкіл ғаламдық дін болғандықтан, ұлтшылдықты, нәсілшілдікті дұрыс көрмейді. Бір ұлттың немесе нәсілдің басқаларға үстемдігін тудырмайды.

Адам әрқашан сеніммен өмір сүреді. Әлемдегі дәстүрлі діндердің ұстанған бағыттарында өзгешелік болғанымен, діни ілімдері жөнінен өзіндік ортақтастық байқалады. Ол – рухани ортақтастық.

Әлемдік діндер негізгі конфессиялар мен бағыттарды құрайды. Мысалы, Христиан діні шеңберінде үш бағыт қалыптасып, ол бағыттың әрбірінде культтік және сенім-наным мәселелері құрайды. Бүгінгі католик конфессиясы аясынан табылатын түрлі діни бағыттар христиан дінінің қалыптасуы және жер шарының түкпір – түкпіріне таралу тарихымен бір байланыста.

Ислам діні тек қана намаз оқу, ораза ұстау, қажылықты өтеу секілді парыздармен шектелмесе керекті. Қасиетті мәтіндерден аздап хабары бар адам болса Құдай Тағала қоғамдық тәртіпке де мән берген. Басшыға бағыну туралы аяттар мен хадистер арқылы елде заңның болуын және қатаң түрде орындалуын талап етіп тұрғандай-ақ. Себебі тәртіп, заң болмаған жерде бейберекетсіздіктің орын алатыны ақиқат. Халық қаһарманы, жазушы Б.Момышұлы атамыз: «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген аталы сөзі ұрпақ жадында мәңгілік қалары сөзсіз. Ислам дінінің қоғамдық қатынастарда баса назар аударар өзекті бір мәселесі адам және табиғат қатынасы. Себебі өзін мұсылман санаған әрбір адам табиғатты аялай білуі керек. Себебі табиғатта Жаратушы Хақтың көркем түрде жаратқан жаратылысының бірі.

Дін тек қана Құдайға құлшылық етуден тұрмайды. Дін тұтастай әлеуметті үйлестіруші күш. Бекітілген қасиетті күндерде араздасқан екі мұсылман болса татуласуы шарт. Әрине сенім құдыреті татуластырмай қоймайды. Сондай қасиетті күндердің бірі – құрбан айт. Құрбан айт – ислам дінін ұстанушы барша мұсылманның асыға күтер мейрамы. Шамасы жеткен өткен күнасына тәубе етіп құрбан шалып жартысын жоқ-жітікке таратады. Яғни бай мен кедейді жақындастырушы фактор. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін үй аралап айт мейрамымен құттықтау үрдіс. Бұл күндерде маңдай терісі құрысқан кемпір шалдың өзі балаша мәз болып елмен бірге айттап жүреді. Діннің адамдарды жақындатып туыс ететін қасиеті осында.

Сондай-ақ дін өскен орта, табиғатты аялап күтіп-баптауға да үйретеді. Табиғат – барша жаратылыстың өзара үйлесімділік тапқан ортақ үйі, жанға сая табар мекені. Шебер Алланың бол (кун фә ия кун) деген әмірімен жаратылған мінсіз жаратылысы және адамзатқа деген мейірімі мен аманаты. Адам ата мен Хауа ана жерге түскен сәттен бастап адамның табиғатқа деген мұқтаждығы таусылған емес. Егіс егіп, жер жыртып көктен жауған жаңбырмен құнарлы астық алып, өз қажетімізге қарай өнімін алудамыз. Адамзат күннен күнге ғылымның шегіне жеттім деген күннің өзінде табиғатқа тәуелді болып келеді. Себебі қандайда бір ғылыми жаңалық ашыла қалса табиғатпен етене тығыз байланысып жатады. Табиғат аясына шығып серуендеуді ұнатпайтын адам жоқ шығар сірә. Күйбең тіршіліктен қол үзіп, бір сәт таза ауамен тыныстап демалудың өзі жанға тыныштық сыйлайтын бір бақыт. Елімізде көрген көздің жауын алар, сұлулығын алтынға бергісіз көрікті жерлер көп-ақ. Біріміз ем іздеп шипалы бұлақ, көлдерді іздесек, енді біріміз көкпен таласқан тауларға шығып көңіліміз рахатқа бөленіп мәз боп жатамыз. Дегенмен сондай көрікті жерлерді кейде отап, бірде өртеп, өзен көлдің жағасын қоқыс тастап кететіні көңіл құлазытар жағдай. Ата-бабамыздан қалған «бұлақ көрсең көзін аш», «көкті жұлма» деген нақыл сөздерін қаперімізге алмай жатқан сияқтымыз. Ардақты Алла Елшісі Мұхаммед (с.а.с.): «Тазалық иманның жартысы» деп, мұсылмандарды таза болуға шақырды. Әрине бұл тек жеке гигиеналық тазалықты айтпаса керекті. Қоршаған ортаға деген сүйіспеншілік әрбір адамға өз бойында қалыптасады. Себебі отанын сүйген әрбір адам туған жерінің өзен-көлін, ну орманын таза ұстауы міндет. Бұл арлы адамның ісі.

Қ.Қосмаханов

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

теолог маманы