ПАТЕРНАЛИСТІК КӨҢІЛ-КҮЙ МЕН ӘЛЕУМЕТТІК МАСЫЛДЫҚТАН ҚАЛАЙ АРЫЛУҒА БОЛАДЫ?
Мемлекеттің өркендеп дамуы білімді, білікті, еңбекқор мамандарға тікелей байланысты. Ал жалқаулар мен масылдар қоғамда қашанда елеусіз. Абай атамыз қара сөзінде айтқандай: «Әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз болады. Әрбір қайратсыз қорқақ, мақтаншақ келеді. Ал әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан келсе, әрбір ақылсыз надан, арсыз келеді. Әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, тойымсыз, тыйымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады». Иә, қоғамға масыл, еңбекке жат, білімнен ада адамдар мемлекетке де пайда әкелмесі сөзсіз. Мұндайда патерналистік көңіл-күй мен әлеуметтік масылдық пайда болары анық. Ал оны жою үшін не істемек керек?
«Халық бірлігі мен жүйелі реформалар – ел өркендеуінің негізі» деп аталатын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауында патерналистік көңіл-күй мен әлеуметтік масылдық жөнінде сөз қозғайды. Мемлекет басшысы мемлекеттен ала бергісі келетін тоғышар пиғылдылардың қатары көбейіп келе жатқанына алаңдайтынын айтқан еді. Расында, халық өзіне емес, мемлекетке арқа сүйегенді ұната ма?
«Батыс елдеріне қарағанда Қазақстан халқы масыл емес»
“Қазақ қоғамы масылдыққа жақын деген сөздер жиі айтылады. Бірақ, мен бұл пікірге қарсымын. Иә, кей кездерде «мемлекет жасап беру керек» деп айтып қалады.Бірақ батыс елдеріне қарағанда Қазақстан халқы масыл емес.
Масылдық Еуропа мемлекеттерінде, дамыған мемлекеттерде бар. Ол жақта жұмыс істемейтін адамның өзі айына 800 еуродай ақша алады. Әрине, олар жұмыс істеп, қаражат табатын болса, орташа жалақы шамамен, 1200 еуродан жоғары табыс таба алады. Одан кейін оларда «мен жұмыс істегенше, жұмыс істемей 800 еуро алып жүре берейін» деген ой келеді. Міне, осы масылдық. Ал біздің елде ондай емес. Бізде әлеуметтік көмек бар дегеннің өзінде өте төмен дәрежеде. Және инфляция 20% болып жатса да, олардың өсімі небәрі 10%-дан аспайды. Ал 60 мың теңге алатын мүмкіндігі шектеулі жанның немесе әлеуметтік көмек алатын адамның қаражаты 10% өсті десе, бұл 5-6 мың теңгеге ғана өседі.
Әрине, «неге батыс елдерімен салыстырасыз, олардың экономикасы бөлек, бай елдер» деген сұрақ туындауы мүмкін. Бұл жерде олардың жалпы ішкі өнімімен (ЖІӨ) салыстыруға болады. Батыс елдерінде ЖІӨ-ді жан басына шаққан кезде 50-60 мың долларды құрайды. Ал бізде жан басына шаққандағы ЖІӨ 10 мың доллар көлемінде. Оларда бір еуропалық азамат 50-60 мың долларға тауар өндіре алады. Яғни, бізден 5-6 есе үлкен. Тиісінше, екі елдің азаматтарының еңбек өтілі де әртүрлі деуге болады»,- деді экоомист Мақсат Халық «Адырна» ұлттық порталына берген сұхбатында.
Айта кетейік, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда ең төменгі жалақы 70 мың теңге болды. Ал АЕК 3450 болса, ең төменгі күнкөріс деңгейі 40 567 теңгені құрады. Сондай-ақ, ең төменгі зейнетақы мөлшері – 53 076 теңге.
Қазақстанда оқимын, дамимын деген азаматтарға мүмкіндік мол. Қаражатын көбейтіп, табысын арттырамын дегендерге қолдау да табылады. Алайда, экономист Мақсат Халықтың айтуынша, жастардың көбі қаржылық сауатсыз. Сондықтан қаржылық сауаттылықты арттыру арқылы масылдықтан арылудың бір бөлігінен өтсек болады.
«Қоғамда тез арада байып кеткісі келетіндер бар және несие алып, табысымызды екі еселеп арттырып аламыз деп ойлайтындар бар, одан кейін қаржылық алаяқтар да өте көп. «Тез арада ақша салсаң, ақшаң екі еселеніп кетеді» деген ойларға тез жастар еріп кетеді. Сондықтан жастардың қаржылық сауаттылығы болуы маңызды. Осыған көңіл бөлуіміз керек. Адал еңбекпен үлкен жетістікке жетуіміз қажет екендігін әр отбасында, ұлттық тәрбиеде түсіндіру маңызды. Өйткені, бабаларымыздың даналық сөздері қоғамымызда жастарды еңбексүйгіштікке дәріптейді. Сондықтан да дәріптеу процесі бізде ұлттық идеологияда болуы керек. Шын мәнінде, еңбегін, өзінің жасап жатқан ісін сүйетін қоғам ғана тез дамиды. Сондай қоғам бай мемлекетке айналады. Осы мәселені біз кеңінен дәріптеуіміз керек деп есептеймін», — деді Мақсат Халық.
Дегенмен, қоғамда шын мұқтаж жандар да бар. Оларды масыл деуіміз күпірлік. Бүгінде ебін тауып, кедейдің кейіпін кигендердің тасасында қалған шын мұқтаждардың жан айқайын естімей жататынымыз, өкінішті.