ШЫМКЕНТТЕ ТРАНСПОРТ САЛАСЫНДА ОҢ ӨЗГЕРІСТЕР КӨП
Қазір қаланың орталық (Бәйдібек би, Рысқұлов) көшелерінің бойында 200 аялдамаға атаулары жазылған тақтайшалар ілініп жатыр. Ал, биылғы 3-тоқсанда 898 жаңа аялдама павильондары орнатылмақ. Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимов жыл басынан бері қалада жол құрылысы, қоғамдық көлік қызметін дамыту, аялдамалар орнату, жалпы көлік саласын дамытуда атқарылған жұмыстарды жүйелеп айтып берді.
Қоғамдық көліктердің сызбасы оңтайландырылды
2020 жылы қалалық мәслихат жолаушылар көлігін дамытудың кешенді схемасын бекіткен болатын. Схемаға сәйкес, 77 бағытты құрайтын жаңа маршурттық желі әзірленген. Маршрутық желімен 6 ХАБ,
33 жеткізуші, 39 магистральды және 6 айналма маршруттары қаралған. Бүгінгі таңда шет аймақтарда орналасқан барлық шағынаудандар мен тұрғын алаптар қоғамдық көлікпен 100 пайыз қамтылған.
Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимовтың мәлімдеуінше, қазіргі уақытта 11 тасымалдаушы компанияның 916 автобусы күнделікті жолаушыларға қызмет көрсетеді. Қалада резервпен қоса 1140 автобус болса, оның
640-ы метан газымен, 464-і дизельмен және 36-ы бензинмен жүреді. Қазіргі қолданыстағы кешенді схема да өзектендіруді қажет етеді. Сондықтан халықтың сұранысын ескере отырып, жыл басынан бері 22 бағыттағы қоғамдық көліктердің сызбасы оңтайландырылған.
Сондай-ақ, қазіргі таңда қоғамдық көліктерде дауыстық хабарлама орнату жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде №12,27,35,74,84 бағыттағы жолаушылар көлігінде, жалпы 110 автобуста дауыстық хабарлама жүйесі енгізілді. Жыл соңына дейін тағы 500 көлікте аялдамалар дыбыс құралымен хабарланады деп жоспарланып отыр.
Қоғамдық көліктерде орнатылған қолданыстағы электронды билеттендіру жүйесіндегі туындаған мәселелерді шешу және бәсекелестік орта қалыптастыру мақсатында жаңа электронды билеттендіру жүйесі орнатылды. Жеке инвестор SmartMobility ЖШС қызығушылық танытып, өз есебінен жүйенің бағдарламасын әзірлеп, қоғамдық көліктерге валидаторлар қойып жатыр. Қазіргі таңда жаңа жүйе тасымалдаушы мекеме «Shymkent bus» БК» ЖШС-ге тиесілі 35 бағыттағы автобустарға орнатылды. 2024 жылдың 10 мамырынан бастап валидаторлар төлем қабылдауды бастады. Аталған жүйе әдеттегідей картамен, Avtobys мобильді қосымшасы арқылы Bluetooth, QR кодтары және контактісіз банк карталары арқылы төлемдерді қабылдауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, қосымшада мектеп оқушылары, студенттер, зейнеткерлер және басқа да санаттар үшін көлік карталарын сатып алмай-ақ, жеңілдетілген тарифтерді пайдалануға жағдайлар жасалған.
Басқарма басшысының айтуынша, биыл қалада 229 қоғамдық көлікті жаңарту жоспарлануда. Наурыз айында «Автоимпульс» ЖШС тарапынан Zhongtong маркалы 5 жаңа автобус әкелінді. Сондай-ақ, «Санжар моторс» ЖШС және «Абдуганиев» ЖК «SAZ LE-60» маркалы 12 автобусты, «МАН-Оңтүстік» ЖШС Youtong маркалы 3 жаңа автобусты мамыр айынан бастап бағытқа қойған. Жалпы, бүгінде қаладағы 1142 автобустың 95 пайызға жуығы соңғы 5 жылда алынған. Қоғамдық көліктер жыл сайын кезең-кезеңімен жаңартылуда.
Қалада 1886 аялдама бар. Оның ішінде, павильондармен қамтамасыз етілгені – 1338, ескі үлгідегі аялдама саны – 500, жаңа үлгідегі аялдама – 838. Осыған байланысты, биыл қала аумағын толық аялдама павильонымен қамтамасыз ету үшін қажетті аймақтарға 398 аялдама орнату және 500 ескі аялдаманы жаңалау жоспарланған. Яғни, барлық аялдама орындары павильондармен қамтылады.