ШЫМКЕНТТЕ 65 ҚОНАҚ ҮЙДЕ «ЕQONAQ» ЖҮЙЕСІ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

554

Шымкентте туризм саласын дамыту мақсатында біршама жұмыстар қолға алынып, іске асырылуда. Осыған сәйкес, қалаға келген туристерді есепке алу, туристік ағынды талдау және көші-қон бақылауын жүзеге асыруға арналған «eQonaq» бірыңғай ақпараттық жүйесінің таныстырылымы өтті.

Іс-шараға «Kazakh Tourism» Ұлттық Компаниясы АҚ өкілдері мен «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығы, сондай-ақ қонақ үй иелері және сала мамандары қатысты.

Айта кету керек, «еQonaq»бірыңғай ақпараттық жүйесі тәжірибелік пайдалануға 2020 жылдың IV тоқсанында енгізілді. Бүгінде аталған жүйе негізінде Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы 576 орналастыру орны, атап айтсақ, қонақ үйлер, хостелдер, демалыс үйлерінде 29077 турист тіркелген.

Шымкентте аталған ақпараттық жүйеге 65 қонақ үй енгізіліп, тәжірибеде қолданылып келеді. Сондай-ақ, аталған жүйе шілде айында Тараз, Қызылорда, Түркістан қонақ үйлеріне де енгізілмек. Жыл соңына дейін еліміздің басқа да туристік аймақтары толықтай қамтылып, «eQonaq» жүйесіне тіркелген қонақ үйлер санын 700-ге жеткізу жоспарланып отыр.

Ал жүйені дамыту аясында Kazakh Tourism ұлттық компаниясы әзірлеуші ретінде «Ashyq» жүйесімен интеграциялауды қолға алмақ.