БАЛА ТӘРБИЕСІНЕ ҚАТЫСТЫ ҮШ ҰҒЫМ
Жуырда әлеуметтік желілерді қарап отырып, бір бауырымыздың «бағып-қағу» деген сөздің де астарында үлкен тәрбиелік мағына жатқанын жазғаны есімде. «Бағу – баланың өмірге керекті барлық материалдық жағдайы, киім-кешегі, ас-ауқаты, т.б. болып келсе, ал қағу – тәрбиелеу, жақсылыққа үйрету, үлгі болу сияқты рухани құндылықтар. Бүгін көпшілігіміз бала тәрбиесінде «бағуға» баса назар аударып, «қағуға» құлықсыз болып барамыз. Баланы бағып-қағуға байланысты мәселелер қазіргі отбасылардың өмірінде жиі кездесетіні жасырын емес» деп жазады. Осыған қатысты желідегі оқырман үн қосып, өз пікірін жазған: «Неге қазақтар Жапония, Еуропа, АҚШ сияқты дамымайды. Өйткені қазақтар баласын еңбекке үйретудің орнына «ұят болады» деп тыйып тастайды, дұрыс тәрбие бере алмайды қазақтар. Осыны мақтаныш көреді» деп комент қалдырыпты. Тағы бір оқырман: «Қазақта тағы да бір сөз бар ғой: «Баланы тәрбиелеп қажеті жоқ, бала көргенін істейді» десе келесі бір оқырман: «Үлкендер өзінен бастау керек тәрбиені. Қазіргі балаға тəрбие беретін ата-анасына əуелі дұрыс тəрбие берілмеген, сондықтан болашағы бұлдыр, тəрбиеден жұрдай жастар өсуде дегім келеді» деп жазыпты. Осылайша бала тәрбиесіне қатысты көптеген оқырман өз пікірлерін алға тартты.
Бүгінде бала тәрбиесіне қатысты ақыл кеңестер ғаламторда жеткілікті. Соның ішінде бірісі дәстүрлі үлгіде, екіншісі заманауи, еуропалық мәдениетке сай баланы тәрбиелеу керек деп ұсынып жатқандары да баршылық, бірақ балалар тәрбиесіне қатысты нақты шешім ешкім айтпады. Ақиқатында, қазіргі ата-ана «Ұядан не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп отбасы тәрбиесіне өзі тәрбие алған секілді балаларына да солай көңіл бөліп отырғаны жасырын емес.
Өткенге көз жүгіртсек атам қазақ ұрпағын жат елдің үлгісінде тәрбиелеу керек деп бас қатырмаған шығар. Қазақ халқы осы уақытқа дейін балаларын үш-ақ ауыз сөзбен тәрбиелеп келген. Ол «Ұят болады», «Обал болады», «Сауап болады» деген ұғымдар. Бұл үш ұғымның тізбегі халықтың өмірінде, салт-дәстүрінде, тұрмыс-тіршілігінде кеңінен көрініс табады. Бүгін қазақтың бүкіл өмірімен біте қайнасып, қанына сіңіп кеткен осы үш ұғымды заман талабына сай өзгерткісі келетіндер бар. Алайда осы үш ұғымның мақсаты адамды жат әдеттер мен озбыр қылықтарды тыюға, қоршаған ортаны құрметтеуге бағыттайтындығын бірі білсе, бірі біле бермейді.
- ҰЯТ БОЛАДЫ. Әрине, бәрімізді ата-анамыз осы бір сөзбен өсіргені рас. Ұят боладыдан өлген адам жоқ. Керісінше, жетілді, өсті, өнді. «Үлкендердің атын атама, ұят болады», «Алдын кесіп өтпе, ұят болады», «Көршінің затын алма, ұят болады», «Қарқылдап күлме, ұят болады», «Мұғалімге сөз қайтарма, ұят болады». Қарап отырсаңыз осының бәрі айналып келгенде адамның өзіне, қоғамға пайдасы тиетін дүниелер екен. «Ұят болады» деген сөздің ар жағында «Ұят – иманнан», «Ұялмасаң білгеніңді істе» деген хадистер жатқанын ескерсек, дана қазақ осы бір-ақ сөз арқылы ұрпағын жамандықтан, арсыздықтан, азғындықтан тыйған.
- ОБАЛ БОЛАДЫ. Қазақ Ислам амалдарын қадірлеген халық. Шариғатта «обал» деген сөз «артында жазасы, сұрауы бар» деген мағынаны білдіреді. Мұны білген қазақ «Құмырсқаны өлтірме, обал болады», «Құсты азаптама, обал болады», «Біреуге қиянат жасама, обал болады» деп сол адамның басына қайта айналып келетін жамандықтан тыйған, ескерткен, тоқтау салған. Ал Алла Тағала Құранда: «Кімде-кім түйірдей жамандық істеген болса, оның жазасын да көреді», – деп ескертеді. («Зілзала» сүресі, 7,8-аяттар). Демек, бұл – Қиямет күні адам Алланың алдында есеп беріп, жасаған жамандығының обалына қалады деген сөз.
Ашаршылықты бастан өткерген халықпыз, астыңда қадірін түсініп «Нан қоқымын жерге тастама, обал болады», «Нанды теппе, обал болады», – деп тәрбиелеген елміз. «Нанды бір қолыңмен үзбе» деген сөздерде дәмге, оны дастарқанға келтіретін еңбекке деген құрмет сезімінің ізі бар.
Бала тәрбиесіне қатысты ырым мен тыйымдарда табиғат анаға, құстар мен аңдарға жасаған рақымшылығын мынадай ұғымдардан білеміз: «Ағын судың арамы жоқ» деп суға дәрет сындырмаған, «Судың да сұрауы бар» деп ағынды суды бұрғызбаған.
Халқымыз «Көкті жұлма» деген, «Көкті жұлсаң көктей соларсың» деп жаман ырымға жорып, жұлғызбаған.. Сондай-ақ ата-бабамыз «Тал кескенше, қолыңды кес», «Қарағай кессең, қаңғырып қал» деп өсіп тұрған ағашқа тигізбейді. От жағуға тек қарағай мен шыршаның кеуіп кеткенін, малдың қиы мен тезегін пайдалануда күнкөріс қамынан да басқа себеп болса керек.
Біздің халқымыз аңдарға да рақымшыл болған. Ата-бабаларымыз малды тепкізбеген. «Қойдың сүті қорғасын, қойды тепкен оңбайды» деген, «Құты қашады» деп малды босқа ұрғызбаған, балағаттамаған. «Сиыр мен қойдың желіні ісіп кетеді» деп төгілген сүтті аяққа басқызбаған.
«Құстың қарғысына ұшырайсың» деп құстардың ұясын бұздырмаған, «Бетіңе шұбар түседі» деп жұмыртқасын жарғызбаған. Халқымыз қыран құсты атқызбаған, «Аққу құс киелі» деп оған құс салуға, оны атуға тиым салған. Сондай-ақ қарлығашты киелі деп ұққан. Егер қарлығаш киіз үйдің шаңырағының шандуында ұя салса, балапандары ұшып кеткенше көшпей отырған. Аң аулаудың жөні осы екен деп оларды бейберекет өлтіре бермеген. Қажетіне қарай үнемдеп аулап, қалғандарының өніп-өсуіне жағдай жасаған.
- САУАП БОЛАДЫ. Бұл – таза рухани термин десек болады. Сауап сөзі «сый», «ақы», «қайтарым» деген мағыналарды береді. Қазақ неге баласын осы сөзбен тәрбиелеген десеңіз, бұл таза иманмен байланысты нәрсе екен. Әрбір жақсылыққа он есе сауап берілетінін ескерсек, қазақ:
«Жетім-жесірге қарайлас, сауап болады»,
«Туғаныңа қайырым қыл сауабы тиеді»,
«Мұқтаж адамға бөліп бер, сауап аласың» деу арқылы баласын жақсы істерге баулыған, адам істеген жақсылығының сауабын, қайтарымын көреді. Иманды адам болған болса, көз көрмеген, құлақ естімеген сыйға, құрметке ие болып, мәңгілік рахатқа кенеледі. Ендеше, мұндай сөзді сауаптың не екенін шын түсінген және иманның қадірін ұққан адам ғана айта алса керек.
Демек, қазақтың «Ұят болады», «Обал болады», «Сауап болады» дейтін тәрбиесінің астында үлкен мән, ерекше тағылым бар. Бала тәрбиелеудің бұдан асқан үлгісі бар ма? Кейбіреулері бұл баланы белгілі бір кәсіпке, еңбекке баулымайды деп айтуы мүмкін. Алайда әр бір ата-ана баласының алдымен кәсіптің иесі емес, оның бойында адами қасиеттердің болғанын қалайды деп ойлаймын. Ұят пен ар, обал мен сауапты біліп, жақсы мен жаманды айырып өскен бала жаман болмас, сірә! Әрине осыдан кейін белгілі кәсіпке баулыған дұрыс. Еріксіз Әбу Насыр әл Фараби бабамыздың өсиеті есімізге түседі: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне зиян әкеледі» –деген.
Ұлы Абай бір қара сөзінде: «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан басталады» дейді. Шынында, ел боламын дейтін жұрттың бесігін түзейтін басты құндылық – бабалардан мирас болып келе жатқан дала тәрбиесі, әдет-ғұрпы, салт-санасы болып табылады. Ал сіз ұлыңыз бен қызыңызға нендей ақыл айтасыз? Ой қосыңыз құрметті оқырман…
А.Дүйсен
Түркістан облысы дін істері басқармасының
«Дін мәселелері зерттеу орталығы» КММ-нің
теолог маманы